Kaspi.kz 2026 жылдың І тоқсанында 252 млрд теңге таза пайда тапқан

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Kaspi.kz, Iran, Middle East
Финтех компания қаржы есебін жариялады / Фото: shutterstock

Kaspi.kz қаржы-тех компаниясы 2026 жылдың І тоқсанындағы қаржы нәтижесін жариялады. Есепті кезеңде компанияның негізгі бағыттары бойынша өсім байқалғанымен, таза пайда деңгейі былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 1%-ға төмендеп, 252 млрд теңгені ($526 млн) құрады.

Жалпы түсім артқан

Компанияның жалпы түсімі бір жыл ішінде 31%-ға артып, 1,1 триллион теңгеге жетті. Операциялық пайда (EBITDA) 9%-дық өсіммен 368 млрд теңге деңгейінде қалыптасты. Таза пайданың аздап төмендеуіне екі фактор әсер еткен: біріншісі – Қазақстандағы пайыздық мөлшерлемелердің жоғары болуына байланысты депозиттерді қаржыландыру шығынының артуы.

Екіншіден, түркиялық Hepsiburada маркетплейсінің толық шоғырлануы. Қазір түркиялық бизнес платформаны әрі қарай дамытуға бағытталған инвестицияларға бссымдық берілмек.

Электронды коммерция және халықаралық нарық

E-commerce сегменті есепті кезеңдегі ең жоғары өсім қарқынын көрсетті. Тауар айналымы (GMV) 41%-ға өсіп, 1,3 триллион теңгені құрады. Тапсырыстар саны 43%-ға артып, бір тұтынушының сатып алу жиілігі тоқсанына орта есеппен 15 транзакцияға жеткен.

Жарнама және жеткізу қызметтері сияқты қосымша сервистерден түсетін табыс 73%-ға өскен. Сонымен қатар, Түркия нарығының үлесі айтарлықтай артып, қазіргі таңда электронды коммерция сегментіндегі жалпы айналымның 50%-ын қамтамасыз етіп отыр.

Төлемдер жүйесі арқылы жасалған транзакция көлемі (TPV) 11,4 трлн теңгеге жетіп, 14%-дық өсім көрсетті. Бұл бағыттағы түсім 158 млрд теңгені құраған. Финтех платформасының түсімі 25%-ға артып, 430 млрд теңгеге жетті.

Бұл ретте жаңадан берілген несиелер көлемі 2%-ға азайған, оған компанияның несие тәуекелдерді басқарудағы ұстанымы және өтімділікке басымдық беруі себеп.

Қаржы-технология компаниясының негізгі иелерінің бірі – Вячеслав Ким Қазақстандағы ең дәулетті кәсіпкерлердің көшін бастап тұр.  Оның дәулеті бір жылда 700 млн долларға артып, 7,8 млрд долларға жетті.

Сондай-ақ оқыңыз