Атырау облысындағы бір отбасының өлімі: іс сотқа берілді

Қайын жұртын өлтірді деген күдікке ілінген атыраулық Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты қылмыстық іс сотқа берілді. Бұл туралы сот кабинетіндегі деректерде көрсетілген.
Қылмыстық іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады. Істі қарайтын судья – Зарема Хамидуллина. Судья бұған дейін Яна Легкодимованың ісін қарап, сотталушыларды өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты қылмыстық іс қай боп бойынша қаралатыны туралы ақпарат жарияланбаған. Сот кабинетінде іс көпшілікке жарияланбайтыны көрсетілген. Бір қызығы сотталушылар арасында отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиева жоқ.
Қылмыстық іс судьяға 8 мамырда берілген.
Бұған дейін іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталғаны хабарланды.
Атыраудағы жұмбақ өлім
2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысы полициясы іс-түссіз жоғалған бір отбасының 4 адамына іздеу жариялады. Кейінірек полиция олардан бөлек осы отбасының қызы мен күйеу баласы да жоғалғанын мәлімдеді.
Оларды іздеу барысында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Істе бастапқыда отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті деп танылды. Ал оның әйелі (жоғалған отбасының кенжесі – ред.) Ақбаян Мұқанғалиеваға хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша іздеу жарияланды.
Содан кейін екеуінің де күдікті деп танылғаны айтылды. Олар Индонезияда ұсталды. Күдіктілерді ұстауға Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері, Солтүстік Ломбок полициясы және көші-қон қызметі қатысқан.
Полицияның хабарлауынша, бұрынғы ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2025 жылдың 14 желтоқсанында Куала-Лумпурдан (Малайзия) Бали аралына барған. Содан кейін Ломбок аралына көшіп, ұсталғанға дейін сонда тұрған.