Диқандарға қолдау: арзан жанармай мен жаңа техникаға субсидия бөлінді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Берік Уәли сыйлаған қытай тракторлары
фото: Абай облысы әкімдігі

Биыл Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы паркін 8%-ға жаңарту жоспарланған. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов хабарлады.

Елде ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту қарқыны оң нәтиже көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 6,5%-ға жетсе, биылғы жоспар 8% болған. Осы жұмыстың нәтижесінде техниканың тозу деңгейі 10%-ға азайып, отандық өндіріс көлемі бір жылда 22%-ға артты, ал биыл тағы 9,9 мың бірлік техниканы шығарту көзделген.

Мемлекет тарапынан жергілікті өндірушілерге басымдық беріліп, отандық техника сатып алғандардың шығыны 30%-ға дейін өтелсе, импорттық техника үшін жеңілдік 15-25% көлемінде белгіленген. Сонымен қатар, егіс науқанын сапалы өткізу мақсатында 402 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, қазірдің өзінде оның жартысынан астамы жөнелтілді.

«Мемлекеттік қолдау шаралары отандық өндірушілерге бағытталған. Жергілікті техниканы сатып алу кезіндегі шығындарды өтеу үлесі 30%-ды құрайды, ал импорттық техника үшін көрсеткіш – 15-25% аралығында. Паркті жаңарту егіннің сапасы мен біркелкілігін арттырады. Сонымен қатар, науқанды өткізу үшін 402 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді, оның 204,7 мың тоннасы жөнелтілді», – деп атап өтті вице-министр.

Жыл басында шаруалардың лизингке алған техникасының айыппұлы мен өсімпұлы кешірілетінін жазған едік. Бұл акция аясында қаржы лизингі бойынша есептелген айыппұл мен өсімпұлдар 100% есептен шығарылады.

Сондай-ақ оқыңыз