Есболат Айдабосынның «Бүкір» романы Mecenat әдеби сыйлығының жеңімпазы атанды

Қазақстан туралы ең үздік роман байқауында Есболат Айдабосын «Бүкір» романымен Mecenat әдеби сыйлығының жеңімпазы атанды. Енді ол өмір бойы ай сайын 500 доллар (231 713 теңге) көлемінде сыйақы алып отырады.
Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турловтың сөзінше, әдебиетті қолдау – ұлттың интеллектуалдық әлеуетіне салынған ұзақ мерзімді инвестиция. Кітап оқу арқылы қалыптасатын адамның қиялы цифрлық дәуірде бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.
«Цифрлық платформалардың қарқынды дамуына қарамастан, кітап өнердің маңызды бөлігі болып қала береді. Қазақстанның интеллектуалдық әлеуеті орасан зор, ал кітап оқуға деген құштарлық – балалардың инновация жасауының бір себебі. Авторлардың шығармашылық тұрғыдан да, қаржылай тұрғыдан да өздерін толықтай көрсете алтын дәуіріне қадам бастық. Өнер ең сұранысқа ие қызмет түрлерінің біріне айналады, өйткені кітаптың орнын ешқандай алгоритм алмастыра алмайды», – деді Тимур Турлов.

Конкурс негізін қалаушы Ерлан Асқарбеков жеңімпазды анықтаудағы жұмыс барысы жайлы айтып берді. Ұйымдастырушылар рейтингті жасанды түрде көтеру әрекеттерімен күрес жүргізіп келеді. Жасанды дауысты анықтау үшін әрбір күдікті дауыс бақылау қоңыраулары арқылы тексеріледі. Егер пікір қалдырушы сюжет бойынша қарапайым сұраққа жауап бере алмаса, оның дауысы жойылады.
Бесінші маусымда жасанды интеллект тудыратын сын-қатерлерге ерекше назар аударылды. Ерлан Асқарбеков нейрожелілер арқылы жазылған мәтін көп болғанын айтты. Бірақ жасанды интеллект арқылы жазылған мәтіндер оңай табылған.
«Нейрожелі «пластик» мәтіндер жазады, ондай мәтінде жан жоқ. Адам бұлай жазбайды. Біз технологиялардың дамып жатқанын түсінеміз, сондықтан жетінші маусымға қарай авторлықты тексеру үшін арнайы бағдарламалық шешімдерді енгізуді жоспарлап отырмыз», – деп жоспарларын айтты ол.
Оқырмандар қатары артты
Бесінші маусымның жеңімпазы Талдықорғанның тумасы жазушы Есболат Айдабосынның «Бүкір» шығармасы желіде резонанс туғызып, дауыс беруде әсерлі динамика көрсеткен.
«Меценат – кітап оқу мәдениетіне қуатты серпін беретін жоба. Бар болғаны бір айдың ішінде менің романымды бұған дейінгі барлық повестерім мен әңгімелерімді қосқандағыдан да көп адам оқып шықты. Мен YouTube-тегі аудио нұсқасының ондаған мың қаралым жинағанын көрдім. Бұл халықтық дауыс беру механизмінің әдебиетті танымал етуде жұмыс істейтінін дәлелдейді», – деп атап өтті Есболат Айдабосын өз сөзінде.
Сонымен қатар Ақпарат және мәдениет вице-министрі Руслан Әли 23 – сәуір ұлттық кітапханашылар күні болып бекітілгенін атап өтті.
Оның айтуынша, Республика көлемінде он екі мыңнан астам кітапхана бар, жиырма мыңнан мыңнан астам маман сол кітапханаларда жұмыс істейді.

«Жылдан жылға оқырман саны ұлғайып келеді. Академиялық кітапхананың базасында ұлттық электрондық кітапхана бар. Соның оқырмандарының саны былтырмен салыстырғанда отыз пайызға артты.
Кітап сататын дүкендерде балалар әдебиеті жетпіс пайызға ұлғайды, шетелдің аударма классикасы мен қазақ классикасына деген оқырмандардың қызығушылығы елу пайызға артты. Бұл былтырғы жылмен салыстырған әлдеқайдада жоғары көрсеткіш», – деп атап өтті вице-министр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақ әдебиеті өзінің бірегей үнін қалыптастырып, тек ел ішінде ғана емес, шетелде де таныла бастады. Жобаға Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық қор өкілдері де қызығушылық танытып отыр.