Бақбақ гүлін жұлғандарға 13 млн теңге айыппұл салынуы мүмкін

Қазақстанда бақ-бақ гүлін жұлғандарға 13 млн теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев айтты.
Оның айтуынша, заң бойынша көксағыз бақбағын жұлғандарға қатаң жаза қарастырылған. Өсімдіктің бұл түрі сирек кездеседі және қызыл кітапқа енгізілген. Сондықтан тыйым барлық бақ-бақ түрлеріне емес, тек осы өсімдікке ғана қатысты.
Оны жұлғандарға 3000 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған (2026 жылы бұл шамамен 12 975 000 теңге).
«Бұл – жойылып кету қаупі бар сирек өсімдік, сондықтан осындай қатаң айыппұл енгізілген. 2019 жылы депутаттардың бастамасымен айыппұл мөлшері 10 есеге артты, мақсат – сирек және жойылып бара жатқан түрлерді қорғау», – деді Шәрбиев Үкіметтегі брифингте.
Вице-министрдің айтуынша, көксағыз бақбағы негізінен еліміздің оңтүстік өңірлерінде өседі.
Айта кетейік, енді қызғалдақты ғана емес, мамыргүлді жұлғандарға да 216 250 теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Полицияның мәліметінше, гүл жұлғаны үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.