Жаңа Subaru Outback ресми түрде сатылымға шығады. Қазақстанда қанша тұрады

Қазақстанда жетінші буындағы Subaru Outback моделінің бағасы белгілі болды. Көлік Premium және Touring болып екі жинақтамада ұсынылады. Екі нұсқаның бағасы 27,5 млн және 28,5 млн теңге болып белгіленген.
Модель 2026 жылдың сәуір айының соңында Көлік құралы типін мақұлдау құжатын алған. Сатылым биыл шілде айында басталады деп жоспарланып отыр.
Жаңа Subaru Outback 2,5 литрлік төрт цилиндрлі Boxer бензин қозғалтқышымен және жаңартылған Lineartronic вариаторымен жабдықталған. Көліктің ең жоғары жылдамдығы сағатына 205 шақырымды құрайды. Ал 100 шақырым жылдамдыққа 9,5 секундта жетеді.

Көліктің ұзындығы – 4 880 мм, ені – 1 880 мм, биіктігі – 1 715 мм, ал дөңгелек базасы – 2 745 мм.
Салонда 12,1 дюймдік орталық дисплей мен 12,3 дюймдік цифрлық аспаптар панелі орнатылған. Сонымен қатар жүргізуші мен жолаушыларға сегіз бағытта реттелетін электрлі орындықтар, алдыңғы орындықтарды жылыту жүйесі (артқы орындықтарды жылыту Touring нұсқасында қолжетімді), екі аймақты климат-бақылау, ауа тазарту сүзгісі, кілтсіз кіру жүйесі және басқа да мүмкіндіктер ұсынылған.

Айта кетейік, Subaru көліктері әлемдегі ең сенімді автомобильдер рейтингінде көш бастап тұр. Ал алғашқы үштікке BMW және Porsche модельдері де енген.
Еске салайық осыған дейін Subaru Outback жаңа буынға көшіп, кроссоверге айналғаны жайлы хабарлаған едік. Аталған модель 1990-жылдардан бері универсал түрінде шығарылып келген болатын.