Ислам ипотекасы 2026 жылдың күзінде іске қосылмақ

«Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимованың мәлімдеуінше, биыл күзде шариғат талаптарына негізделген мүлдем жаңа ипотекалық өнім іске қосылмақ. Бұл туралы ол ҚазАқпарат агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында айтты.
Жаңа жүйенің құқықтық негізі осы маусым айының соңына дейін заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы бекітіледі. Аталған құжат «Отбасы банкіне» исламдық қаржыландыру қағидаттарымен жұмыс істеуге ресми құқық береді.
Осыдан кейін тамыз айында міндетті лицензия алу жоспарланған. Ал бағдарламаның ресми тұсаукесері мен алғашқы қарыз қыркүйек айының соңына немесе 1 қазанға дейін берілмек.
Бағдарламаның басты ерекшелігі – дәстүрлі банк үстемелері мен пайыздық мөлшерлемеден толықтай бас тартатынында.
Ислам қаржы қағидаттары кез келген түрдегі пайыздық сыйақыға (риба) қатаң тыйым салатындықтан, банк клиенттерге мүлдем жаңа тетіктерді ұсынады.
Атап айтқанда, азаматтар алғашқы жарнаны жинақтау үшін пайызсыз депозит ашып, кейіннен дәл сондай сыйақысыз қарыз арқылы баспана сатып алу мүмкіндігіне ие болады.
Дегенмен, банктің қазіргі қолданыстағы базалық жинақтау үлгісі өзгеріссіз қалады. Тек клиент пен банктің өзара іс-қимыл тетігі мен келісімшарт міндеттемелері ислам стандарттарына сәйкес қайта құрылады.
Бұған дейін Ләззат Ибрагимова халық арасында пәтерді инвестиция ретінде сатып алу тым көбейіп кеткенін айтқан. Осыған байланысты, сарапшы үшінші, төртінші және одан да көп пәтері бар азаматтарға салынатын салықты едәуір арттыруды ұсынып отыр.