Сайлау қорынан тыс қаржылай көмек алған кандидаттарға айыппұл салынады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media

Сайлау қорынан тыс қаржыландыруға тыйым салынып, онлайн-платформалардың кандидаттарға тең жағдай жасау міндеті заңмен бекітілмек. Сонымен қатар сайлауалды үгітке бөлінген бюджет қаражатын заңсыз жұмсағандар мен жасырын материалдық көмек алғандарға айыппұл күшейтіледі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәжілісте өткен отырыста мәлімдеді.

Айта кетейік, осыған дейін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын.

Сайлау рәсімдерінің ашықтығы артады

Серік Жұманғариннің айтуынша, заң жобасындағы негізгі түзетулер сайлау процесінің ашықтығын күшейтуге бағытталған. Атап айтқанда, сайлау қорларынан тыс қаржыландыруға тыйым салу, әкімдікке үміткерлердің дауыстары тең түскен жағдайда қайта дауыс беру тәртібін енгізу және бір адамның бір мезгілде мәслихат депутаттығына әрі әкімдікке кандидат болуына шектеу қою ұсынылған.

Сондай-ақ сайлау комиссиялары мүшелеріне қойылатын талаптар мен олардың жауапкершілігі күшейтіледі.

Онлайн үгіт-насихатқа жаңа талап қойылады

Ілеспе заң жобаларында онлайн-платформаларды пайдалану мәселесі де қамтылған. Енді интернет-платформалар барлық кандидатқа тең жағдай жасауға міндеттеледі. Егер онлайн-платформа үгіт материалдарын жариялаудан негізсіз бас тартса немесе кандидаттардың біріне артықшылық берсе, әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске сәйкес, мұндай жағдайда жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш, ал заңды тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады», –  деп түсіндірді Жұманғарин.

Жасырын қаржыландыруға тосқауыл қойылады

Заң жобасында кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау қорларынан тыс қаржылық немесе материалдық көмек алуына тыйым салынған. Бұл талапты бұзған жеке тұлғаларға 25 АЕК, ал заңды тұлғаларға 55 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Серік Жұманғарин қолданыстағы Конституциялық заңда қаржыландыру ережелерін бұзған жағдайда кандидаттың немесе партиялық тізімнің тіркеуінің күшін жою тетігі де бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл шаралар сайлау науқандарын жасырын әрі бақылаусыз қаржыландыруға жол бермеуге бағытталған.

Бюджет қаржысын заңсыз жұмсағандарға айыппұл көбейеді

Кандидаттардың сайлауалды үгітке бөлінген мемлекеттік бюджет қаражатын жұмсау тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік те күшейтілмек.

Мұндай құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік айыппұл көлемі 5 АЕК-тен 25 АЕК-ке дейін ұлғайтылады. Министрдің сөзінше, бұл бюджет қаражатының ашық әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мәслихат өкілеттігіне қатысты түзетулер енгізіледі

Сонымен қатар ілеспе заң жобаларында мәслихаттардың құзыретін «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заң нормаларымен сәйкестендіруге бағытталған редакциялық түзетулер де енгізілген.

Серік Жұманғарин ұсынылған өзгерістердің барлығы сайлау процесінде адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге және барлық қатысушыға ортақ, түсінікті ережелер қалыптастыруға арналғанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз