Енді қай оператордан хабарласып жатқаны телефонда көрініп тұрады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: ашық дереккөзден

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Құжатты талқылаған депутаттар жауапты министр Жаслан Мәдиевке операторлардан түсетін қоңыраулар туралы сұрақ қойды.

«Қазіргі таңда азаматтарға әртүрлі нөмірлерден жаңа тарифтер немесе қызметтер, акциялар туралы қоңыраулар тұрақты түсіп отыр. Алайда қоңыраудың ресми оператор немесе алаяқтық схема екенін түсіну өте қиын. Заң жобасында ұялы байланыс операторы мен Қазақтелекомның бірыңғай абоненттерін ақпараттандыру қызметі қалай реттелгелі отыр», – деп сұрады депутат Нұргүл Тау.

Мәдиевтің сөзінше, заңда бұл мәселе қарастырылған. Егер жоба қабылданса, қай оператордан хабарласқаны телефонның экранына шығып тұрады.

«Осы заң жобасында бізде таңбалау (маркировка) енгізіледі. Заңды тұлғалардың реестрі болады. Мобильдік операторлар верификация жасап, азаматтар қай компания қоңырау шалып жатқанын көретін болады», – дейді ЖИ және цифрлық даму министрі.

Айта кетейік, заң жобасы бойынша, енді Қазақстанда телефон нөмірлері мен смартфонды үшінші тұлғаға беруге тыйым салынады. Бірақ шектеулер жақын туыстарға қатысты болмайды.

Сондай-ақ оқыңыз