Мұхтар Шахановқа көше беру: заңгер Мейірман Шекеев президентке хат жолдады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
коллаж: kursiv.media

Алматы қаласындағы ірі көшелердің бірі – Розыбакиев көшесінің атауын жақында ғана өмірден өткен ақын, Қазақстанның еңбек ері Мұхтар Шахановтың құрметіне өзгерту туралы бастама қоғамда үлкен резонанс тудырды. Белгілі заңгер Мейірман Шекеев осы мәселеге байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы өтініш хат жолдап, ел азаматтарын бастаманы қолдауға шақырды.

Заңгердің уәжі: Неліктен «ерекше жағдай» қажет?

Мейірман Шекеев хатында қолданыстағы заңнамадағы шектеулерді айналып өтіп, Мұхтар Шаханов есімін көшеге беруді «ерекше жағдай» ретінде қарастыруды сұрайды.

«Тіл туралы» Заңға сәйкес, тұлғаның есімін нысандарға беру үшін қайтыс болған күннен бастап кемінде бес жыл өтуі тиіс (Мұхтар Шаханов 2026 жылы 19 сәуірде дүниеден озды).

Заңгер бұған дейін де мұндай ерекше жағдайлардың болғанын (Астана қаласы мен Фурманов көшесінің атауын өзгерту) мысалға келтірді. Оның пайымдауынша, Шахановтың Желтоқсан шындығын ашудағы, мемлекеттік тілді қорғаудағы және ұлттық намысты оятудағы өлшеусіз еңбегі осындай құрметке толық лайық.

Бір қалада – екі Розыбакиев: Заңға қайшылық

Үндеуде көтерілген тағы бір маңызды мәселе – Алматы қаласындағы ономастикалық қайшылықтар.

Қазіргі таңда қаланың екі ауданында (Әуезов ауданы және негізгі магистраль) Розыбакиев есімімен аталатын екі көше бар. Бір елдімекенде екі нысанға бірдей есім беру заңнама талаптарына қайшы келеді.

Мұхтар Шахановтың қазасынан кейін басталған бастама әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Gosrating.com сайтында петиция да жарияланған еді.

Алайда, қоғамда ұсынысқа қарсы шығушылар да бар. Кейбір блогерлер мен белсенділер Абдулла Розыбакиевтің де тарихи тұлға екенін алға тартып, пікірталас тудырған. Мейірман Шекеев тіпті ақынды қаралаған кейбір тұлғаларды сотқа беретінін де мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз