Алматылықтарға бизнес ашуға 1,7 млн теңгеге дейін грант беріледі

Алматылықтар бизнес ашуға 1,7 млн теңгеге дейін грант ала алады. Бұл туралы Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мәлімдеді.
Жалпы бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 380 мемлекеттік грант бөлінген. 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 1 730 000 теңге болатын қайтарымсыз қаржылай көмек бизнес бастауға және оны дамытуға беріледі.
«Грант бизнес бастаған кәсіпкерлерге идеясын жүзеге асыруға, қажетті құрал-жабдық сатып алуға, өндірісті жолға қойып, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға көмектеседі. Әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше көңіл бөліп отырмыз», – дейді басқарма басшысы.
Грантты қандай мақсатта пайдалануға болады?
Грант қаражаты кәсіп ашуға және оны дамытуға қажетті құрал-жабдықтар, технологиялық техника мен өзге де керек заттарды сатып алуға беріледі. Алайда бұл қаржыны жеке тұтынуға, несие өтеуге, тұрғын үй немесе жер телімін алуға, сондай-ақ акциздік өнім шығаруға жұмсауға рұқсат етілмейді.
Грантқа жұмыссыз азаматтар мен жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне үш жылдан аспаған кәсіпкерлер үміткер бола алады. Сонымен қатар өтініш иесі әлеуметтік санаттардың біріне кіруі қажет. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, ерекше қажеттілігі бар азаматтар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, қандастар, қоныс аударушылар және асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алып жүрген азаматтар бар.
Негізгі талаптардың бірі – «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өткенін дәлелдейтін сертификаттың болуы.
Өтініштер business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңесті Алматы қаласындағы әлеуметтік қызметтер үйінен алуға болатынын хабарлады. Мекенжайы: Достық даңғылы, 85. Қабылдау «бір терезе» қағидаты негізінде жүргізіледі.