Astana LRT-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан бір жылдан бері елге жеткізілмеген

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
LRT мамырдың ортасында іске қосылады/фото: Серикжан Ковланбаев

«Astana LRT» ЖШС-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан бір жылдан бері елге жеткізілмеген. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

2024 жылы Астана қаласының Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Талғат Арданды лауазымдық өкілетін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, оны сырттай 9 жылға соттады. Ардан 85 млрд теңге төлеуге міндеттелді.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті 2025 жылы Ардан Түркияда ұсталғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, 2019 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Бас прокуратурасы Түркияның Әділет министрлігіне халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Талғат Арданды ұстап беру туралы сұрау жіберген.

KursivMedia сотталған азамат бір жылдан бері неге экстрадицияланбағанын білу үшін ресми сауал жолдады.

LRT құрылысы

Үкімет жоспары бойынша Астанада LRT құрылысы 2011 жылы басталып, «ЭКСПО-2017» көрмесіне қарай аяқталуға тиіс еді. Алайда құрылысты аяқтау мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді.

2022 жылдың басында Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке LRT жобасын біржақты қылуды тапсырды. Президент оны «кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды» деп сынап, «сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба» екенін айтты.

Жалпы ұзындығы 22,4 шақырымды құрайтын LRT жобасының құны әу баста 1,9 млрд долларды құрайтыны айтылған. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек бастапқыда жеңіл рельсті көлік жолының құрылысы 2024 жыл соңында аяқталады деп айтты.

Жобаны жүзеге асырып жатқан Сity Transportation Systems ЖШС ақпаратына сәйкес, LRT 2026 жылдың 16-17 мамырында іске қосылады.

Талғат Ардан сырттай сотталды

Талғат Ардан 2011 жылдың 18 мамырынан 2017 жылдың 26 шілдесіне дейін «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы қызметін атқарған.

Ол қызметтік өкілетін пайдаланып, өзіне сеніп тапсырылған LRT, BRT, ITS, техникалық қадағалау және ASTRA жобаларына бөлінген аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын ысырап еткен. Сол әрекеті үшін 2023 жылы 7 жылға сырттай сотталды.

2024 жылдың қарашасында Арданға жаңа үкім шықты, ол лауазымдық өкілетін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Екі үкімді біріктіру арқылы оған мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырып, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыз