Ақтауда құлаған темір құбыр баланың бас сүйегін зақымдады

Ақтауда дәрігерлер темір құбыр құлап, басынан ауыр жарақат алған жеті жасар баланы аман алып қалды, деп хабарлайды Lada.kz.
Басылымның мәліметінше, 10 мамырда Құрық ауылының баласы Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына шұғыл түрде түскен. Баланың басына ауыр темір конструкция құлаған. Ауруханадан хабарлағандай, пациенттің жағдайы өте ауыр болған.
«Дәрігерлер ашық бас-сүйек ми жарақатын, бас сүйегінің көптеген сынықтарының ішке қарай батып сынуын, мидың соғылуын, пневмоцефалияны, ликвореяны, мидың айқын ісінуін, ауыр травматикалық шок пен постгеморрагиялық анемияны анықтады», – деп мәлімдеді медициналық мекемеден.
Бала жансақтау бөліміне жатқызылды. Нейрохирург Ербол Кенжеваловтың жетекшілігімен дәрігерлер шұғыл ота жасады. Медицина мамандары бас сүйегіне трепанация жасап, батқан сүйек фрагменттерін алып тастады және мидың қатты қабығына пластика жүргізді.
Ота екі сағаттан астам уақытқа созылып, сәтті аяқталды. Қазіргі таңда баланың жағдайы тұрақталды. Бала есін жиды, өздігінен тамақ ішеді және ата-анасын таниды. Дәрігерлер пациентті бақылауды жалғастыруда.