Қайтарылған актив: 158 млн теңгенің гауһар сырғасы тағы аукционда сатылады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
КУВА аукционға қойған гауһар сырға алты карат
Қымбат сырғаны бұрын кім таққаны айтылмайды / фото: sauda.e-qazyna.kz

Бастапқы құны 158,1 млн теңге тұратын De Beers гауһар сырғасы тағы да аукционда саудаланады. Әлемге танымал брендтің зергерлік бұйымдарын Тейлор Свифт, Рианна, Дженнифер Лопес сынды әлем жұлдыздары тағып жүр.

Қымбат сырға сатылады

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (KUVA) бір жылдан астам уақыттан бері өтпей тұрған қымбат зергерлік бұйымдар мен сағаттарды қайтадан саудаға қойды. 19 мамырда Астана уақытымен сағат 10:00-де барлығы 35 қымбат зат аукционда сатылады.

Олардың арасында De Beers брендіне тиесілі гауһар тасты сырға ерекше көзге түседі. Аукциондағы бастапты бағасы – 158 млн 100 мың теңге. Саудаға қатысу үшін ғана 23,7 млн теңге төлеу қажет.

Сырға 6,06 карат болатын екі гауһар тастан тұрады. Әшекейдің өзі ақ алтыннан жасалған (сынамасы – 750). Жалпы салмағы – 5,8 грамм. Оны кезінде кім таққаны хабарланбады.

KUVA бұған дейін оның құнын 110 млн теңгеге дейін түсірсе де, әшекейге ешкім қызыға қоймаған. Соңғы рет осы сырға аукционға 13 наурызда шығарылып, өтпей қалған.

Бірнеше пәтер тұратын әшекейлер

Sauda порталында аукционда сатылатын заттардың арасынан Van Cleef & Arpels алқасын ерекше атап өтуге болады. Оның бастапқы құны – 55 млн теңге. Бұған да гауһар тастар (16,92 карат) орнатылған.

Қайтарылған активтерді басқаратын компания 19 мамырда он сағат сатады. Ең қымбаты 214,4 млн теңге тұрады. Мамандар Ulysse Nardin Classic 789-80 сағатын осылай бағалаған. Платинадан жасалған әшекейдің әлемде бар болғаны отыз данасы бар. Бір жағы сырылған, бауы қатты зақымданған. Соған қарамастан осы сағат үшін 4-5 пәтердің құнын сұрап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, мамырдың басында қазір түрмеде отырған Кәрім Мәсімовтің жыр болған самурай қылышы 1,5 млн теңгеге сатылған.

Ал сәуірдің басында Назарбаевтың туысы қайтарған «Байсат» базары төртінші рет сатылмай қалған. KUVA базарды бесінші мәрте аукционға шығарып жатыр. Аукцион 26 мамырда өтеді. «Байсаттың» бастапқы бағасы – 28,6 млрд теңге.

Сондай-ақ оқыңыз