«Әл-Фараби», «Қожа Ахмет Ясауи», «Мейірім»: марапаттар тізіміне жаңа үш орден кіреді

Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» ҚР Заңына енгізілген түзетулерді мақұлдады.
Түзетулерге сәйкес, енді құрметті атақты бір адамға қайталап беруге жол берілмейді.
Сондай-ақ, заң аясында ҚР ордендерінің тізімі нақтыланды. Оған «Әл-Фараби», «Қожа Ахмет Ясауи» және «Мейірім» ордендері енгізіліп, қолданыстағы мемлекеттік наградалар сақталып қалды.
«Әл-Фараби» орденімен білім, ғылым, мәдениет және рухани салаларда айтарлықтай табысқа жеткен азаматтар марапатталады.
«Қожа Ахмет Ясауи»» орденімен отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ мемлекеттілікті нығайтуға және қоғамдық-саяси, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық салаларды дамытуға үлес қосқан азаматтар марапатталады.
«Мейірім» ордені қайырымдылық, меценаттық және филантропиялық қызметке елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау үшін тағайындалды.
Бұдан бөлек, заңда әскери қызметшілерді, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, азаматтық қорғау және мемлекеттік фельдшегерлік қызметте жүргендерді «Даңқ», «Айбын» ордендері мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттауды реттейтін ережелер нақтыланды.
Сонымен қатар, көпбалалы аналарға арналған наградалар тізімі нақтыланып, оған «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградалары кірді.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары аталған заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын мақұлдаған еді.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысы 2025 жылғы 5 желтоқсанда өткен «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде «Мейірім» орденін тағайындауды тапсырған еді.
Сонымен қатар, Президент 2026 жылғы 21 наурызда Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуде «Қожа Ахмет Ясауи» орденін, ал 2026 жылғы 11 сәуірде ғалымдарды марапаттау рәсімінде «Әл-Фараби» орденін тағайындайтынын жариялаған.