Экс-министр Нұрлан Байбазаров қайтадан «Бәйтерек» холдингі директорлар кеңесіне кірді

Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі, бұрынғы экономика министрі Нұрлан Байбазаров «Бәйтерек» ұлттық холдингінің директорлар кеңесіне мүше болды. Бұл туралы KASE сайтынан белгілі болды.
Шешімді холдингтің жалғыз акционері – Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік комитеті 30 сәуір күні қабылдаған. Қазір «Бәйтеректің» директорлар кеңесінде 9 адам бар. Холдинг директорлар кеңесінің төрағасы – Премьер-министр Олжас Бектенов.
Сондай-ақ кеңес құрамында Роман Скляр, Серік Жұманғарин, Мәди Такиев, Ерсайын Нағаспаев, Рүстем Қарағойшин және шетелдік тәуелсіз мүшелер бар.
Айта кетерлігі Нұрлан Байбазаров үшін бұл сала таңсық емес. Себебі, 2016 жылдан бастап ол «Бәйтерек» құрамындағы түрлі басшылық қызмет атқарған. Атап айтқанда, Өнеркәсіпті дамыту қорын басқарып, кейін Қазақстанның Даму банкіне жетекшілік етті, сондай-ақ 2023 жылдың қазан айынан 2024 жылдың басына дейін «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы лауазымында болды.
2026 жылдың 6 мамырында Байбазаров «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесіне де мүше болып кірген еді. Ол бұған дейін де бұл қордың басқару органында болған, бірақ 2024 жылдың қазанында құрамнан шығарылған.
Нұрлан Байбазаров 2026 жылдың наурыз айынан бастап Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі қызметін атқарып келеді.
Оған дейін Президент Әкімшілігінде бөлім басқарды, ал 2024 жылдың ақпанынан желтоқсанына дейін Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі болған.