Тоқаев Ердоғанды су жаңа Қожа Ахмет Яссауи орденімен марапаттады

Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды Қожа Ахмет Яссауи орденімен марапаттады.
Президент Ердоғанды өз халқын алға бастап келе жатқан әлемдік деңгейдегі салиқалы басшы және саясаткер ретінде ерекше құрметтейтінін атап өтті.
«Режеп мырза түркі және ислам өркениетінің ынтымақтастығын нығайту ісінде айрықша рөл атқарып келеді. Өзіңізді түркі әлемі мойындаған беделді көшбасшы десек, артық болмайды. Сіз туыстас елдердің рухани және саяси тұтастығын бекемдеу жолында аянбай еңбек етіп жүрсіз. Қадірлі Режеп Тайип Ердоғанның тікелей қолдауының арқасында Түркі мемлекеттері ұйымы қысқа мерзім ішінде ықпалды құрылым ретінде қалыптасты», – деді Қазақстан басшысы.
Айта кету керек, Режеп Тайып Ердоған – орденнің тұңғыш иегері. Ол орденді өзіне ғана емес түрік ұлтына деген ілтипат деп қабылдайтынын айтты.
«Бұл орденді Түркия Республикасы және түрік ұлтына деген ілтипатыңыздың белгісі деп қабылдаймын. Осы орайда елдеріміз арасындағы бауырластықты бекемдеу бағытындағы көреген саясатыңыз үшін Сізге, құрметті бауырым, алғыс айтамын. Бауырластығымыз, достығымыз лайым мәңгі болсын», – деді Түркия президенті.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы жаңа орденді Тоқаев 21 наурызда ұсынған. Марапат отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ мемлекеттілікті нығайтуға және қоғамдық-саяси, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық салаларды дамытуға үлес қосқан азаматтарға беріледі.
Сенат 14 мамырда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» ҚР Заңына енгізілген түзетулерді мақұлдап, орденді ресми бекітті. Әзірге Тоқаев заңға қол қойған жоқ.