Қазақстанда мопедтерге салық салу ұсынылды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: Shutterstock

Қазақстанда мопедтерге салық енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Kursiv.media Kolesa.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл көлік түрі қазіргі уақытта салықтан босатылған. Егер техникалық паспортында көлік түрі «мопед» деп көрсетілген азаматтарға салық төлеу туралы хабарлама келсе, олар оның күшін жоюды талап ете алады.

Алайда Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жеке тұлғаларды әкімшілендіру бөлімінің басшысы Әсет Есенжігітовтің айтуынша, бұл жеңілдік қайта қарауды қажет етеді.

«Біз Салық кодексін қайта қарап, мопедтерге де салық мөлшерлемесін енгізу керек деп есептейміз. Біздің ойымызша, оларға салық төлеу әділетті болады. Өйткені мопедтер де жол қозғалысына қатысушылар болып саналады. Қазір мәселені Мемлекеттік кірістер комитетімен бірге пысықтап жатырмыз», – деді Есенжігітов.

Ол сондай-ақ салыққа қатысты шағымдар көбіне «нақты мопед емес» көлік иелерінен түсетінін атап өтті. Мысалы, техпаспортта А1 санаты көрсетілгенімен, «мопед» деген белгі болмайды. Ал қуаты 45 кВт деп көрсетілген, яғни мұндай көлік 80 км/сағ дейін жылдамдық ала алады және ол салық төлеуі керек.

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға өсті. Өзгеріс импорттық автокөліктердің бағасына тікелей әсер етеді, себебі оларды елге әкелген кезде ҚҚС есепке алынады. Импорттық автокөліктердің бағасы орта есеппен 5-10% немесе одан да көп өсуі мүмкін. Мұның бәрі модельге және жеткізу шарттарына байланысты болады.

Сондай-ақ оқыңыз