Бірінші маусымда «Алматы жастары» бағдарламасына тіркеу басталады

«Алматы Жастары» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау 1-15 маусым аралығында өтеді. Бұл туралы қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері хабарлады.
Алматы жастарына арналған тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау 1 маусым күні сағат 09:00-де басталып, 15 маусым сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Өтінімдерді kezekte.kz порталындағы «Тұрғын үй сервистері» бөлімінде орналасқан «Almaty Jastary» сервисі арқылы онлайн жолдауға болады. Жүйеге кіру үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.
Бағдарлама шарттарына сәйкес:
- тұрғын үй несиесінің ең жоғары сомасы – 20 млн теңге;
- жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5%;
- бастапқы жарна – 10%;
- бастапқы және екінші нарықтағы баспананы сатып алуға мүмкіндік қарастырылған.
Жобаға Алматы қаласында тұратын 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады.
Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар:
- Алматыда кемінде бір жыл тұрақты тіркеуде тұруы;
- соңғы бес жыл ішінде үміткердің және оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауы;
- Алматы қаласында кемінде алты ай ресми еңбек өтілі мен міндетті зейнетақы жарналарының аударылып тұруы.
Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала қызметкерлеріне, журналистерге, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының мамандарына, құқық қорғау және коммуналдық қызмет өкілдеріне, сондай-ақ «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының қатысушыларына арналған.
Толық ақпаратты kezekte.kz сайтындағы «Тұрғын үй сервистері» бөлімінен алуға болады. Анықтама телефоны: +7 (727) 225-14-57.
Былтыр «Алматы жастары» бағдарламасына 6,6 мың өтініш қабылданып, 2 мыңнан астам адам жеңілдігі бар несиемен баспана сатып алған.