Қостанай тұрғыны көшеден алынған брусчаткаларды сатпақ болған

Қостанай тұрғыны тротуарлардан алынған брусчаткаларды төрт көлікке тиеп, сатпақ болған.
Алау мәліметіне қарағанда, мұндай материалды рұқсат құжаттарынсыз тасымалдау және сақтау мемлекеттік мүлікті ұрлау ретінде бағалануы мүмкін. Әкім аппаратының заң қызметінің бас инспекторы Төлеген Заксалықов жауапкершілік брусчаткаларды алып кетушілерге ғана емес, оны сатып алушыларға да жүктелетінін атап өтті.
Мамандардың айтуынша, өткен аптада (4–10 мамыр аралығы) Солтүстік шағынауданы мен Заречный кентінде бөлшектелген брусчаткалар тиелген төрт көлік анықталған. Жеке тұлға құрылыс материалының қайдан алынғанын түсіндіре алмаған. Осыдан кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі полицияға арыз берген.
Әкімдік өкілдерінің түсіндіруінше, алынған брусчаткалар арнайы күзетілетін алаңдарға жеткізіледі. Оның бірі «Қостанай-Су» кәсіпорнының аумағында, тағы бірі жылу компаниясының базасында орналасқан. Ескі материал қыста құбыр жарылыстарын қалпына келтіру кезінде, жол жөндеуде және қаланың шеткі көшелеріндегі тротуарларды жаңарту жұмыстарында пайдаланылады.
Мамандар брусчатканы тек ресми дүкендерден, чек пен құжаттарын алып сатып алуға кеңес береді. Сондай-ақ тұрғындарға құрылыс материалының тым арзан бағасына назар аудару ескертілді. Бір шаршы метр тас төсемдер нарықтағы бағасы 13-14 мың теңге.
Айта кететін жайт, қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматыдағы Уәлиханов-Жамбыл көшелерінің қиылысынан алынған брусчаткалар жеке адамдарға сатылып жатқанын мәлімдеген еді. Алайда белсенді резонанс тудырған оқиғалардың бірін өзі ұйымдастырған болуы мүмкін деген күдікпен қамауға алынып, күні кеше оның қамауда отыру мерзімі ұзартылған.