Қазақстан футбол федерациясы төрешілікке қатысты шешім шығарды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: ҚФФ

14 мамыр күні Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) Премьер-лига және Бірінші лига клубтарының басшыларымен маңызды онлайн кездесу өткізді. Жиынның негізгі себебі – 12 мамырда клубтар тарапынан түскен, төрешілік сапасы мен матчтарды ұйымдастыруға қатысты ұжымдық хат болатын.

Кездесу барысында Федерация өкілдері мен клуб басшылары ашық пікір алмасты. Маңыздысы, хатқа қол қойған клуб өкілдері бұл бастаманы Федерация басшылығына қойылған ультиматум немесе кадрлық талап ретінде қарастырмайтынын мәлімдеді.

Төрешілік, қадағалау және VAR дамыту департаментінің директоры Нуну Алешандре Паррейра де Каштру клубтарға департаменттің қазіргі жұмыс жүйесін егжей-тегжейлі таныстырды. Қазақстандық төрешілердің жұмысы мен фитнес-тесттері толығымен УЕФА стандарттарына сәйкес келетіні және Еуропаның жетекші елдеріндегідей Hawk-Eye жүйесі қолданылатыны айтылды.

Тараптар қандай келісімге келді?

Кездесу қорытындысы бойынша Федерация мен клубтар футболды дамытудың төрт негізгі бағытын қолдады.

ҚФФ мамандары әр клубпен жеке кездесіп, даулы эпизодтарды УЕФА материалдарымен салыстыра отырып талдайды. Әр турдан кейін төрешілердің шешімдеріне (оның ішінде қателіктерге) қатысты тұрақты видеоанализ жариялау жалғасады. Бұдан былай тек төрешілік емес, коммерциялық регламент, инфрақұрылым және кәсіби футболды дамыту мәселелері бойынша тұрақты кездесулер өтеді. Федерация кез келген нақты эпизодты белгіленген тәртіппен қарастыруға дайын.

Қазақстан футбол федерациясы төрешілік департаментінің директорына қатысты кадрлық өзгерістер болмайтынын кесіп айтты. ҚФФ қазіргі басшылыққа толық сенім білдіріп, басталған төрешілік реформасын қолдауды жалғастыра бермек.

«Бұл реформаның басты мақсаты төрешілік сапасын арттыру, ашықтықты күшейту және барлық процестерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру», – делінген ресми хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Ордабасы» – «Атырау» матчында қателік жіберген төрешілер жұмыстан шеттетілгені туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз