Қазақстан БҰҰ-мен бірігіп, Түркістанға жасанды жаңбыр жауғызбақшы

Бүгін Тоқаев БҰҰ Дүниежүзілік метеорология ұйымының президенті, БАӘ Ұлттық метеорология орталығының бас директоры Абдулла Әл-Мандуспен кездесті.
Ақорда хабарлауынша, Түркістан облысы Ұлттық метеорология орталығымен бірге жасанды жолмен жауын-шашын шақырып, өңірдегі су қоймаларын толтырмақшы. Дәл осындай жолмен ауыл шаруашылығы жерлеріне су жеткізбек. Жоба 17 мамырда іске қосылуы керек.
«Осылайша, Қазақстан өңірде жасанды жаңбыр технологиясын пайдаланған алғашқы ел болмақ», – деп хабарлайды Ақорда.
Бұдан бөлек, екі тарап өңірлік және жаһандық деңгейдегі су қауіпсіздігі мен су ресурстарын басқару мәселелерін шешудің өзектілігіне мән берді. БҰҰ тарабы Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын маңызды деп бағалады.
Жалпы Қазақстанда 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасы салынады, әзірге тек үшеуі аяқталған.