Сыртқы сауда: І тоқсанда импорт көлемі 15 млрд долларға жуықтады

2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы тұрақты өсім көрсетті.
Статистика бюросының деректеріне сүйенсек, қаңтар-наурыз айларында көрсеткіш 32,9 млрд долларды құрады. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жалпы сауда көлемі номиналды мәнде 10,5%-ға артқан.
Сауда балансының құрылымында экспорт пен импорттың да оң динамикасы байқалады. Есепті кезеңде шетелге тасымалданған тауар көлемі 18 млрд долларға жетіп, өткен жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда экспорт түсімдері номиналды мәнде 9,4%-ға көбейген.
Өз кезегінде елге кірген тауарлар көлемі де ұлғайып отыр. Атап айтқанда, импорт көрсеткіші 14,9 млрд долларын құрап, 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы деңгейден номиналды мәнде 11,8%-ға асып түсті.
Қазақстанның сыртқы саудасы: Қытай мен Ресей негізгі серіктес болып қала бермек
2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 32,9 млрд АҚШ долларына жетіп, бір жыл ішінде 10,5%-ға өсті.
Сауда балансында экспорт (18 млрд доллар) импорттан (14,9 млрд доллар) басым түсіп, тұрақты оң сальдо сақталды.
Экспорт бағытында Қазақстан тауарларын ең көп тұтынатын елдер көшін Қытай (19,5%) мен Италия (17,2%) бастап тұр, алғашқы үштікті Ресей (8,3%) түйіндеді.
Ал тауар импортында Ресейдің үлесі айтарлықтай басым (33,3%). Одан кейінгі орындарда Қытай (29,0%) мен Германия (4,6%) орналасқан. Осылайша, Қытай мен Ресей Қазақстанның екіжақты саудадағы басты стратегиялық серіктестері мәртебесін сақтап қалды.
Айта кетейік, Қазақстан қандай негізгі тауарларды импорттап, қандай түрлерін экспортқа шығаратынын жазған болатынбыз.