Қазақ және өзбек президенттері Түркістанда жұма намазға барды

15 мамырда түсте Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Түркістандағы жаңа мешітке барды. Қазақ және өзбек президенттері жұма намазды осында өткізді.
Ақорда таратқан шағын мәліметте 5 мың адамға шақталған діни ғимараттың орталық залында Құран оқылғаны айтылды. Мешіт «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бауырластық байланыс және рухани ынтымақтастық нышаны» деп сипатталды.

Түркістан қаласының көрікті орындарының біріне айналып үлгерген ғимарат өзбек президентінің шаһар тұрғындары мен барша қазақстандықтарға тартуы ретінде салынған.
Ғимаратта дәстүрлі ислам элементтері заманауи құрылыс технологияларымен үйлесім тапқан. Қасбеті мен ішкі аумағы ұлттық ою-өрнекпен және мұсылман каллиграфиясымен безендірілген. Мұнаралардың биіктігі – 61 метр.
Мемлекет басшылары түстен кейін Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысады.