Алматыда суды ысырап қылған көлік жуатын орындар жабылды

Алматыда көлік жуатын орындарға суды қайтара пайдалану жүйесі де енгізіле бастады. Яғни көлік жуғанда қолданған суды бірден төгіп тастамай, арнайы тазарту арқылы қайта қолдану технологиясы орнатылады. Қала бойынша 162 осындай жүйе бар деп хабарлады әкімдік.
Барлық көлік жуатын жерлерде есептегіш құрал бар, ол автоматты түрде су пайдалануын есептеп отырады. Осы жылы бірінші мамырдағы есеп бойынша, талапқа сәйкес келмеген осындай көлік жуатын 146 орынның қызметі тоқтатылған.
«Көлік жуатын орындардағы суды қайтара қолданатын жүйелер ресурсты тұтынуды және қалалық жүйеге түсетін жүктемені айтарлықтай азайтады. Сондықтан бұл бағыттағы бақылау жалғасады», – дейді Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай.
Биыл қаладағы коммуналдық саланы цифрландыруға да ерекше көңіл бөліне бастады. Қалада технологиялық процестерді автоматтандырылған басқару жүйесі – АСУТП енгізіліп жатыр. Ол сумен жабдықтайтын, су бұратын нысандарды тәулік бойы бақылап отыруға мүмкіндік бермек.
Нұрбақыт Серікбай қалада кезекті жөндеу маусымының басталғанын да атап өтті. Биыл Алматыға тағы 339,1 шақырым сумен жабдықтау желісін салып, жаңғыртпақшы.
«Бұл тозу деңгейін қосымша 49%-ға дейін төмендетіп, қала тұрғындары үшін коммуналдық инфрақұрылымды сенімді ете түсуге мүмкіндік береді. Мұндай жұмыс Алматының барлық ауданында қолға алынды», – дейді басқарма басшысы.
Айта кету керек, биыл үкімет тапсырмасы бойынша 45 қаладағы 50 жыл бойы жаңаланбаған кәріз құбырларын ауыстырады. Оның ішінде Ақтау, Ленгер, Атырау, Қызылорда, Қарқаралы және Қаражал деген қалалар бар.