Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті Түркістан қаласында ашылды

15 мамырда түстен кейін Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті басталды. Оған ұйымға мүше бес елдің президенттері қатысып жатыр.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёв және Түркия президенті Режеп Ердоған түркі форумына арнайы келді. Олардың бәрін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шақырды.
Ұйымға бақылаушы екі ел – Мажарстан мен Түркіменстан арнайы өкілдерін жіберді.
Саммит Түркістандағы Конгресс-Холл ғимаратында өтіп жатыр. Форумның басты тақыры – «Жасанды интеллект және цифрлық даму».
Айтулы жиыннан ақпарат тарату үшін бұқаралық ақпарат құралдарының 500-ге тарта өкілі қауіпсіздігі күшейтілген Түркістан қаласына жиналды. Олар саммит өтіп жатқан ғимараттың жанындағы Woosong университетінің баспасөз орталығында отыр.