Тоқаев: Түркі мемлекеттері ұйымы геосаяси жоба да, әскери бірлестік те емес

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Түркі елдерінің президенттері
Түркі елдерінің басшылары Әзірет Сұлтан кесенесіне барды / фото: X/Ilham Aliyev

15 мамырда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерін бірлікке үндеді. Ол бірлестіктің әскери альянсқа айналғанына қарсы.

Мемлекет басшысы кейінгі кезде түркі ұйымын әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікірлер айтылып жүргеніне тоқталды.

«Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды», – деп мәлімдеді Тоқаев.

Қазақстан президенті түбі бір елдердің бірлікке үндеді.

«Біз үшін түркі әлемінің бірлігін нығайту аса маңызды, кезек күттірмейтін басымдық. Түркі мемлекеттері ұйымы геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей ұйым», – деп түсіндірді Қазақстан президенті.

Оның пікірінше, ұйым ұлттық мүдде тұрғысынан да тиімді бірлестік.

«Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлікте дами беруі керек. Сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдеріміздің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз», – деп түйіндеді баяндамасын Тоқаев.

Түркі елдерінің басшылары Түркістан қаласында
Түркі елдерінің басшылары Түркістан қаласын бірге аралады / фото: X/Ilham Aliyev

Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістан қаласындағы бейресми саммитке бес елдің президенттері қатысып жатыр. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёв және Түркия президенті Режеп Ердоған түркі форумына арнайы келіп, сөз сөйледі. Олардың бәрін елге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шақырды.

Ұйымға бақылаушы екі ел – Мажарстан мен Түркіменстан саммитке арнайы өкілдерін жіберді.

Сондай-ақ оқыңыз