Алматы облысында қоқыс тастағандарға 169 млн теңге айыппұл салынды

Алматы облысында соңғы екі жыл ішінде қоқыс тастағандарға салынған айыппұл көлемі 169 млн теңгеден асқан.
Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Алматы облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоғамдық орындардың тазалығы мен тәртібін сақтауға бағытталған шаралар күшейтілді. Бақылау рейдтер барысында ғана емес, әлеуметтік желілерді мониторингтеу арқылы да жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері өңірде 10 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 239 дерек қоғамдық орындарды ластау, 9 878 жағдай аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша тіркелген. Полиция мәліметінше, құқық бұзушыларға 10 млн теңгеден астам айыппұл салынған, оның шамамен 6 млн теңгесі өндірілген.
Бақылауды күшейту мақсатында өңірде полиция, табиғатты қорғау органдары, еріктілер, қоғам белсенділері, бюджеттік ұйымдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен 30 мобильді топ құрылған. Рейдтік іс-шараларға 338 адам тартылған. Оның 313-і – полиция қызметкерлері. Жыл басынан бері 350 рейд өткізіліпті.
Айта кететін жайт, Алматы облысы, Қарасай ауданында қоқысты сұрыптап, қайта өңдейтін зауыт құрылысы басталды. Нысан жылына 450 мың тонна қалдықты сұрыптап, 14 мың тонна шикізатты өңдеп шығара алады.