Биылғы жаз қандай болады: синоптиктер болжамы жарияланды

Жарияланды
Жаз
фото: shutterstock

Қазгидромет биылғы жазға арналған консультативтік болжамды жариялады.

Маусымда – үсік, шілде – шіліңгір, тамыз әдеттегіден ыстық

Болжамға сай, маусым айында республиканың басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады деп күтіледі. Шығыс өңірлер мен елдің қиыр солтүстік-батысында температура климаттық норма шамасында болады.

Норма көрсеткіштері Қазақстанның басым бөлігінде +18…+23°С, елдің оңтүстік-батыс жартысында +24…+28°С, ал оңтүстік-шығыс пен шығыстағы таулы аудандарда +7…+17°С болады.

Қазгидромет маусымның алғашқы онкүндігінде республиканың солтүстігі мен шығысында, сондай-ақ оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда түнгі және таңғы уақытта үсік жүруі мүмкін екенін ескертеді.

Жаздың ең ыстық кезеңі – шілдеде ауа температурасы климаттық норма шамасында болып, орташа ыстық болады деп болжанып отыр.

Норма көрсеткіштері Қазақстанның басым бөлігінде +18…+24°С, оңтүстік жартысында +25…+30°С, оңтүстік-шығыс пен шығыстың таулы аудандарында +9…+17°С болады.

Жаздың соңғы айы – тамызда да елдің басым бөлігінде ыстық ауа райы күтіледі. Ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады. Тек республиканың оңтүстік-шығыс бөлігінде температура норма шамасында сақталады.

Норма көрсеткіштері Қазақстанның басым бөлігінде +20…+28°С, солтүстік-шығыс жартысында +16…+19°С, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарда +11…+15°С.

Жауын-шашын

Синоптиктер жауын-шашын жаз мезгілінде республиканың көп бөлігінде орташа деңгейде болады деп болжайды.

Нормадан аз жауын-шашын күтілетін аймақтар:

  • Маусым айында елдің оңтүстік-батысында, солтүстік пен орталықтың жекелеген аудандарында күтіледі. Норма Қазақстанның басым бөлігінде 25-49 мм, оңтүстік-батыс жартысында 1,7-24 мм, солтүстіктің жекелеген және оңтүстік-шығыс пен шығыстың таулы аудандарында 51-155 мм болады;
  • Шілде айында батыс, оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде күтіледі. Норма республиканың басым бөлігінде 25-49 мм, оңтүстік-батыс жартысында 1,4-24 мм, солтүстік-батыс, солтүстік, орталық және шығыстың жекелеген аудандарында, сондай-ақ оңтүстік-шығыс пен шығыстың таулы аймақтарында 50-84 мм;
  • Тамыз айында оңтүстік-батыста, орталықта, сондай-ақ оңтүстік пен шығыстың кей аудандарында күтіледі. Норма елдің басым бөлігінде 1-24 мм, солтүстікте, солтүстік-батыстың, шығыс пен оңтүстік-шығыстың басым бөлігінде 25-49 мм, ал солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстың жекелеген аудандарында 50-63 мм.

Бұған дейін, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биыл жаз әдеттегіден ыстық болады деп күтіліп отырғанын айтып, елдің кей өңірінде құрғақшылық қаупі сақталатынын мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз