БАӘ-нің атом электр станциясын дрондар шабуылдап, генератор өртенді

17 мамыр, жексенбі күні Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) орналасқан атом электр станциясына дрондар шабуылдады. Әмірліктердің ресми билігі соққыны «лаңкестік әрекет» деп атады.
Мәліметтерге қарағанда, БАӘ-нің әуе қорғаныс жүйесі екі дронды атып түсірген. Алайда үшінші бір дрон Барака (Barakah) атом электр станциясының ішкі аумағынан тыс жерде тұрған электр генераторына түскен. Нысан соққыдан өртенген.
Жергілікті билік шабуылдан соң АЭС-тен радиация тарамады деп отыр.
«Радиоактивті заттар шыққан жоқ. Радиациялық қауіпсіздік деңгейі қалыпты шеңберде сақталып отыр. Қоғам мен қоршаған ортаға ешқандай қауіп жоқ«, – деп таратты Әмірліктің ядролық реттеу жөніндегі басқармасы (FANR). Ресми мәлімдеме X әлеуметтік желісінде жарияланды.
Бұл уақытта БАӘ билігі стратегиялық маңызды нысанға жасалған шабуылды айыптады. Дегенмен Абу-Даби соққының артында нақты кім тұрғанын ашып айтпады. Әмірліктің сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде билік дрондар соққысын «ел қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін лаңкестік әрекет» деп атаған.
Сонымен бірге БАӘ ел қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне төнген қауіп үшін қарымта қайтаруға «заңды, дипломатиялық және әскери құқығы» бар екенін мәлімдеді.
Әмірліктердегі атом станциясына соққы Таяу Шығыстағы жанжал әлі де шиеленісіп тұрғанын ашық көрсетті.
Барака атом электр станциясы Әмірліктің Әл-Дафра ауданында, Абу-Дабиден 240 км, ал Дубай қаласынан шамамен 420 км жерде орналасқан.