705 млн теңге залал: Батыста көліктерді заңсыз тіркеген күдіктілер сотқа тартылды

Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жүк және жеңіл автокөліктерді заңсыз есепке қоюмен айналысқан 9 адамнан тұратын қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды.
Қаржы мониторинг агенттігінің жазуынша, қылмыстық топтың құрамында автоинспектор мен нотариус та болған. Олар жалған құжаттар рәсімдеу арқылы міндетті төлемдерден жалтаруды көздеген.
Қазіргі уақытта іс сотқа жолданып, күдіктілердің 2,4 млрд теңгелік мүлкіне тыйым салынды.
Қылмыстық схема қалай жұмыс істеді?
ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мәліметінше, қылмыстық топ прокуратураның үйлестіруімен әшкереленген. Олар заңсыз әрекеттерін Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында жүргізген.
Тергеу барысында N3 санатындағы (жүк тартқыштар) және M1 санатындағы (жеңіл автокөліктер) 82 көліктің заңсыз тіркелгені анықталды.
Топ мүшелері клиенттерді мессенджерлер мен интернет-ресурстар арқылы тауып, оларға міндетті төлемдерді төлеместен жүк автокөліктерін есепке қою қызметін ұсынған.
Заңсыз әрекеттердің алгоритмі қандай?
Келісім жасалғаннан кейін ұйымдастырушы көлік туралы мәліметтерді ішкі істер органдарының қызметкеріне беріп, ұқсас техникалық сипаттамалары бар, бұрын есептен шығарылған автокөліктерді іріктеткен.
Одан әрі топ мүшелері жалған сатып алу-сату шарттары мен сенімхаттарды рәсімдеп, жалған тұлғаларды тартып, құжаттарды арнайы ХҚКО арқылы өткізіп, заңсыз тіркеуді жүзеге асырған.
Айта кетерлігі, нотариустық әрекеттер заңды иелердің нақты қатысуынсыз жүргізілген.
Мемлекетке келген залал
Осындай заңсыз схеманың салдарынан мемлекетке келтірілген жалпы залал көлемі 705 млн теңгені құрады.
Қазіргі уақытта шығынды өтеу мақсатында сот санкциясымен күдіктілердің 2,4 млрд теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды.
Қылмыстық іс толықтай аяқталып, сотқа жолданды. Бес күдікті қамауға алынып, үшеуіне үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Шығыс Қазақстан облысында 356 миллион теңгені заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған қылмыстық топтың жолын кескенін жазған едік.