Алматыда 274 мыңнан астам оқушы психодиагностикадан өтті

Алматыда 274 мыңнан астам мектеп оқушысы мен колледж студенті психодиагностикалық мониторингтен өтті.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматыдағы Білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Венера Коканова орталықтың қызметі туралы баяндады.
Қауіпті ерте анықтауға болады
Қалалық Білім басқармасы жанындағы Психологиялық қолдау орталығы балаларға, ата-аналар мен педагогтерге көмек көрсетіп жатыр. Өткен оқу жылында мамандар кеңес беріп, ондаған шұғыл көшпелі іс-шара ұйымдастырып, жасөспірімдердің мінез-құлқы мен көңіл-күйіндегі өзгерісті ерте анықтауға арналған цифрлық құралдарды дамытуды қолға алған.
Қолдау жүйесі
Венера Коканова айтуынша, қазір кәмелетке толмағандарға ерекше көңіл бөлмесе болмайды. Өйткені, жасөспірімдер арасында мазасызданып, буллингке ұрынып, көңіл-күйі болмай жүргендер көбейген.
«Қазір балалар мен жасөспірімдер қиындыққа тап болып, үй-ішіндегі жанжалда не істерін білмей басы қататын жағдайға жиі тап болады. Сондықтан біздің басты міндетіміз – осындай дағдарыс кезінде ғана әрекет ету емес, көмекке мұқтаж балаларды ерте анықтап, оларды қолдау жүйесін де қалыптастыру», – дейді Венера Коканова.
Қанша консультация өтті
Қазір Алматының білім беру жүйесінде 498 педагог-психолог мектептерде, 24 маман колледждерде, 11 маман интернаттық ұйымдарда жұмыс істейді. Кадрлардың 64%-дан астамы – жас мамандар.
2025–2026 оқу жылының басынан бері орталық мамандары 2 667 консультация өткізді. Балалар мен ата-аналар көбіне мазасыздық, буллинг, отбасылық жанжал мен әлеуметтік бейімделудің қиындығына шағымданған.
Айта кететін жайт, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасына Үкімет алдағы бес жылда 1,3 трлн теңге бөледі.