Елдегі көзі нашар көретін балалар үшін 100-ден аса жаңа оқулық дайындалады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: ашық дереккөз

Дәл қазір Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін 237 мың бала бар. Олар үшін арнайы оқу құралдары дайындалып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектеновтың депутаттық сауалға берген жауабында осылай жазылған.

Екі жүз мыңнан аса баланың 139 мыңы мектепте, ал 49 мыңнан астамы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, ал 17 мыңы арнайы білім беру мекемелерінде оқиды. Тағы 5,4 мың жасөспірім техникалық және кәсіптік білім алады.

Ел бойынша, көзі нашар көретін 6 мың бала бар. Олар толыққанды білім алуы үшін 200 оқулық пен оқу әдістемелік құрал дайындалған. Оның ішінде Брайл қарпімен жазылған кітаптар да бар. 2027–2029 жылдары 109 жаңа оқулық әзірлеуге тағы 1 млрд теңге бөлу жоспарланған, оның 56-сы Брайль қарпімен басып шығарылады.

Үкімет мәліметінше, қазір Қазақстанда 539 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді, олардың қатарында арнайы мектептер, балабақшалар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, оңалту және аутизм орталықтары бар.

2025 жылы жергілікті атқарушы органдар 193 арнайы білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын жаңартуға 3 млрд теңгеден астам қаражат жұмсады. 2026 жылы бұл мақсаттарға, соның ішінде жөндеу, құрылыс, жабдықтар мен жиһаз сатып алу шығындарын қосқанда, 7,8 млрд теңге қарастырылып отыр.

Премьер-министр хабарлағандай, елде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған білім беру ортасының сапасын арттыру жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеу жұмыстары жалғаспақшы. Бұдан бөлек, Мәжілісте бала туған кезінен бастап кәсіби білім алғанға дейінгі ведомствоаралық сүйемелдеуді қарастыратын «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы қаралып жатыр.

Дегенмен кейде мұғалімдер де ерекше балалармен жұмыс істеуге қажетті практикалық дағды жетіспейді. Осылай деп сынаған Олжас Бектенов 1 қыркүйекке дейін инклюзивті білім берудің жаңа моделін енгізу деген тапсырма берген.

Сондай-ақ оқыңыз