Changan-ның ең арзан моделі: Қазақстанда Eado Plus седаны сатыла бастады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: Changan Eado Plus

Қазақстандағы Changan модельдер қатары жаңа Eado Plus көлігімен толықты. Жаңа модель класындағы ең қолжетімді автокөліктердің бірі болмақ.

Қазіргі уақытта бұл – Changan компаниясының Қазақстанда ресми сатылымға шыққан жалғыз седан моделі болып отыр. Сонымен бірге Қазақстан нарығында Changan Uni-V лифтбэгі бар, дегенмен оның бағасы әлдеқайда жоғары.

Техникалық сипаттамасы

Eado Plus седаны заманауи C-класқа жатады. Ол көлемі жағынан ол қазіргі Hyundai Elantra моделінен біршама үлкендеу. Көліктің өлшемдері: 4730 х 1820 х 1505 мм. Дөңгелек базасының ұзындығы – 2700 мм.

Жалпы модель әртүрлі қозғалтқыш нұсқаларымен шығарылады. Алайда Қазақстан нарығына бір ғана нұсқасы ұсынылған. Ол – 1,5 литрлік бензин қозғалтқышымен (103 ат күші және 145 Нм) жабдықталған. Беріліс қорабы – 7 сатылы робот. Көлік алдыңғы жетекпен жүреді, артқы аспасы жартылай тәуелсіз типте жасалған.

Көліктің жерден биіктігі 155 мм болса, жүксалғыш көлемі 500 литрді құрайды.

Changan Eado Plus-тың қай нұсқасы сатылады

Жаңа Eado Plus моделі тек Comfort жиынтығында сатылады. Көлік төрт түрлі түсте ұсынылған: ақ, қызыл және сұр түстің екі нұсқасы.

Көлік 205/60 R16 өлшемді дөңгелектермен, стандартты алдыңғы шамдармен, кілтсіз ашу жүйесімен және арнайы батырма арқылы оталдыру жүйесімен жабдықталған. Сондай-ақ жарық датчигі, бір аймақты климат-бақылау жүйесі, алдыңғы орындықтарды жылыту функциясы бар.

Төрт қауіпсіздік жастығы, динамикалық белгісі бар артқы көрініс камерасы және артқы тұраққа қою датчиктері орнатылған. Бұдан бөлек, рөлді биіктігі мен қашықтығы бойынша реттеуге болады. Қозғалтқышты кілт арқылы қашықтан іске қосу функциясы да қарастырылған.

Фото: Changan Eado Plus

Орындықтар матамен қапталған, ал алдыңғы орындықтардың барлық реттеулері механикалық түрде жүзеге асады. Артқы қатарда орталық бас тіреуіш қарастырылған, бірақ жиналмалы шынтақ тірегі жоқ.

Көліктің цифрлық аспаптар панелінің көлемі – 10,25 дюйм, ал мультимедиа экраны 10 дюймді құрайды. Жүйе Apple CarPlay және Android Auto сервистерін қолдайды. Сонымен қатар алдыңғы және артқы бөлікте бір-бірден USB-A порты орнатылған.

Бағасы

Қазақстанда Changan Eado Plus моделінің жалғыз нұсқасының бағасы 6 990 000 теңге болып белгіленген.

Chevrolet Cobalt-қа бәсекелес бола ала ма

Седандар сегментінде Eado Plus-пен бәсекелес бірнеше модель бар. Бағасы шамалас көліктер көлемі жағынан ықшамдау болса, өлшемі ұқсас модельдердің құны қымбатырақ.

Мысалы, Chevrolet бренді қолжетімді әрі ықшам седандар ұсынады. Танымал Cobalt моделі 1,5 литрлік қозғалтқышпен (105 ат күші) және 6 сатылы автоматты беріліс қорабымен жабдықталған. Көлік екі нұсқада сатылып, бағасы 6,29 млн теңгеден 6,59 млн теңгеге дейін барады.

Айта кетейік, Қытайдың Changan компаниясы 2030 жылға қарай әлемнің үздік 10 автокөлік өндірушісі қатарына енуге ұмтылады. Мақсат – бір жылдағы сауда көлемін 5 млн көлікке дейін жеткізу.

Сондай-ақ оқыңыз