Хаби Алонсо «Челсиді» жаттықтырады: Сәтбаевтың лондондық клубтағы тағдыры не болмақ

Лондондық «Челси» футбол клубының бас бапкері лауазымына әлем чемпионы, атақты маман Хаби Алонсо тағайындалды. Испаниялық бапкер жаңа қызметіне 1 шілдеден бастап кіріседі, ал оның келісімшарты 2030 жылдың ортасына дейін жоспарланған.
Бұл тағайындаудың қазақстандық футбол жанкүйерлері үшін маңызы өте зор. Себебі жақын арада лондондық ұжымға отандық футболдың жарық жұлдызы Дастан Сәтбаев қосылады.
Алонсоның жоспары
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Хаби Алонсо «Челсиде» кеңейтілген өкілеттіктерге ие болып, клубтың трансферлік саясатына тікелей ықпал етеді. Демек, командаға келетін, кететін ойыншылардың тағдырын тікелей испаниялық маман шешпек.
Ал қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтбаев 2026 жылдың жазында, яғни 18 жасқа толған сәтте «Челси» сапына ресми түрде қосылады.
«Қайраттың» бас бапкер Рафаель Уразбахтин де бұған қатысты пікір білдірді:
«Мен әлеуметтік желілерде «Челсиге» жазылғанмын. Бұл жаңалықты естіп қатты қуандым. Хаби Алонсо – жақсы адам, мықты бапкер. Оның «Реал Мадридте» бағындыра алмаған биіктерін, мынадай жас ұжым жиналған «Челсиде» бағындыруға мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Дастан үшін де бұл өте жақсы бапкер. Әрине, көп нәрсе футболшының өзіне байланысты. Жалпы алғанда, Сәтбаевтың жаңа клубта өзін көрсетуге мүмкіндігі жоғары», – деді Уразбахтин.
Айта кететін жайт, Хаби Алонсо қазақстандық футболмен және Дастан Сәтбаевтың ойынымен бұған дейін де таныс болған. Өткен жылы «Реал Мадридтің» бас бапкері ретінде Алматыға келген еді. Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында өткен сол матчта «корольдік клуб» «Қайратты» 5:0 есебімен ойсырата жеңген.