Қазақстанда кинотеатрға барушылар саны бір жылда 16%-ға өсті

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: коллаж Kursiv Media

Былтыр елдегі кинотеатрларға 27 млн адам барған. Ұлттық статистика бюросы осындай дерек жариялады.

Қазір елімізде 118 кинотеатр мен 512 кинозал жұмыс істеді. Бір жыл ішінде кинотеатрларға келушілер саны 27 миллион адамнан асты. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы кинотеатрларға 23,2 миллион рет барған. Яғни бір жылда келушілер саны шамамен 16%-ға өскен.

Кинопрокаттың басты орталығы әлі де Алматы болып қала береді. Қалада 21 кинотеатр мен 167 кинозал жұмыс істеп, келушілер саны 9,1 миллионнан асты. Екінші орында – Астана: 11 кинотеатр, 69 кинозал және 4,8 миллионнан астам келуші.

Үшінші орынды Шымкент иеленді. Қалада жеті кинотеатр, 38 зал және 2,2 миллионнан астам келуші тіркелген. Келушілер саны бойынша төртінші орында – Ақтөбе облысы, мұнда кинотеатрларға 1,3 миллионнан астам адам барған. Бесінші орында – Қызылорда облысы, онда өңір кинотеатрларына шамамен 960 мың адам барған.

Дегенмен кей өңірлерде инфрақұрылым әлі де өте әлсіз. Мысалы, Ұлытау облысында небәрі үш кинозал жұмыс істейді. Бір жыл ішінде онда бес мыңға жетпейтін сеанс өткізіліп, келушілер саны шамамен 70 мың адамға жеткен.

Елде мемлекеттік кинотеатрлар саны алтау ғана. Олар Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Алматыда жұмыс істейді. Қалған барлық өңірлерде кинопрокат толықтай жекеменшік алаңдардың есебінен жүзеге асырылады.

Бұған дейін кинотеатр бағасы жайлы зерттеу жазған едік. 2025 жылдан 2026 жылға дейінгі кезеңде кинотеатр билетінің бағасы күрт өскені байқалады.

Сондай-ақ оқыңыз