Қазақстандықтар интернет пен ұялы байланысқа жылына қанша ақша жұмсайды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: shutterstock

Қазақстандықтар интернетке, мобильді байланысқа және өзге де телекоммуникация қызметтеріне орта есеппен жылына 43 102 теңге жұмсайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы байланыс қызметтері қазақстандықтардың тұтынушылық шығындарының орта есеппен 3,6%-ын құраған. Қаржылай есептегенде бұл бір адамға жылына 43 102 теңге немесе айына шамамен 3 592 теңге.

Алайда өңірлер арасындағы айырмашылық айтарлықтай байқалады.

Байланыс қызметтеріне ең көп қаржы жұмсағандар – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары. Бұл өңірде бір адам жылына орта есеппен 59 844 теңге, яғни айына шамамен 4 990 теңге жұмсайды.

Екінші орында Қарағанды облысы тұр. Мұнда жылдық шығын көлемі 57 315 теңге немесе айына 4 776 теңгені құрайды.

Үшінші орын Алматы қаласына тиесілі. Мегаполисте байланыс қызметтеріне жылына орта есеппен 56 366 теңге, айына шамамен 4 697 теңге жұмсалады.

Астанада бұл көрсеткіш сәл төмен – жылына 54 362 теңге немесе айына шамамен 4 530 теңге. Ал ең төменгі шығын Түркістан облысында тіркелген. Мұнда тұрғындар байланыс қызметтеріне жылына орта есеппен 24 176 теңге, яғни айына шамамен 2 015 теңге жұмсайды.

Айта кету керек, бұл көрсеткіштер жан басына шаққандағы орташа шығын негізінде есептелген. Яғни есепке байланыс қызметін тікелей төлемейтін тұрғындар да енгізілген.

Жалпы алғанда, 2025 жылы қазақстандықтардың тұтынушылық шығындары бір адамға шаққанда 1 292 914 теңгені немесе айына шамамен 107 743 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 10,22%-ға өскен.

Еске салсақ, осыған дейін депутат Нартай Сәрсенғалиев ұялы байланыс операторларының  тарифтері күрт қымбаттағанын айтып, бағаға мемлекет бақылауын күшейтуді ұсынған еді.

Сондай-ақ оқыңыз