Бас мүфти кәсіпкерлерді Құрбан айтта мал бағасын көтермеуге шақырды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: ҚМДБ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі кәсіпкерлерге арнайы үндеу жасап, мереке күндері азық-түлік пен мал бағасын қымбаттатпауды сұрады.

«Құрбан айт – ұлық мереке»

Бас мүфти өз сөзінде жыл басында дін қызметкерлеріне жолдаған Бағдарлық баяндамасын еске салып, қос ұлық мейрам Ораза айт пен Құрбан айтты ұлттық дәстүрге сай, қоғамдық деңгейде атап өтудің маңыздылығын алға тартты.

Биыл айт күндері елімізде «Құрбан айт – ұлық мереке» тақырыбында республикалық деңгейдегі ауқымды игі іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Барлық облыстық, қалалық және аудандық мешіттердің ауласында киіз үйлер тігіледі. Ұлттық спорт түрлерінен арнайы сайыстар ұйымдастырылып, жер-жерде мәдени-рухани кештер өтеді. Наурызбай қажы Тағанұлы барша жамағатты айт күндері ұлттық киім киіп, мерекені қазақы салт-дәстүрмен өткізуге шақырды.

Кәсіпкерлерге үндеу: Бағаны қолдан көтермеу заңдылығы

Құрбан айттың ең басты құндылығы – қайырымдылық пен қоғамдағы бірлікті нығайту. Осы ретте Бас мүфти елдегі әлеуметтік жағдайды ескере отырып, саудагерлер мен кәсіпкерлерді сауапты іске үлес қосуға шақырды.

«Құрбан айт тек діни мереке ғана емес, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын, қайырымдылықты паш ететін рухани мейрам. Осы орайда еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айтта мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Еске сала кетейік, биыл Құрбан айт мерекесі 27 мамырға сәйкес келіп отыр. ҚМДБ құрбан шалуға арналған онлайн сайтты да қосқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз