Биыл ашылған балабақшалардың бәрі жеке инвесторлар есебінен салынған

Жарияланды
Балабақша / фото: gemini AI

Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында 1 717 орындық 17 жаңа мектепке дейінгі білім беру ұйымы пайдалануға берілді. Бұл статистикадағы басты назар аударарлық тренд – жаңадан ашылған нысандардың барлығының толықтай (100%) жеке меншікке тиесілі болуы.

ҚР ҰСБ мәліметінше алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет есебінен бірде-бір жаңа балабақша іске қосылмаған. Сектордағы инфрақұрылымдық өсім тек жеке кәсіпкерлер мен инвесторлардың белсенділігі арқасында қамтамасыз етіліп отыр. Мұны нарықтағы жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасының және әлеуметтік саланың бизнес үшін инвестициялық тартымдылығының сақталуымен байланыстыруға болады.

Пайдалануға берілген мектепке дейінгі ұйымдар (қаңтар-сәуір 2026 ж.)

*Ашылған барлық 17 объектінің (1717 орын) 100%-ы жеке меншікке тиесілі.

Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Өңірлік көшбасшылар: Оңтүстік аймақтар белсенді

Жаңадан ашылған орындар мен нысандар саны бойынша оңтүстік өңірлер абсолютті көшбасшы болып тұр. Жалпы орынның 80%-дан астамы осы аймақтарға тиесілі:

  • Түркістан облысы: 5 нысан, 670 орын
  • Жамбыл облысы: 5 нысан, 600 орын
  • Қызылорда облысы: 3 нысан, 110 орын

Бұл өңірлердегі демографиялық өсім мен балабақша кезегінде тұрғандар санының жоғары болуы жеке бизнестің осы бағытқа басымдық беруіне түрткі болғаны байқалады.

Қалған аймақтардағы жағдай

Басқа өңірлерде жаңа нысандардың пайдалануға берілу қарқыны айтарлықтай төмен. Төрт ай ішінде Маңғыстау (100 орын), Ұлытау (82 орын), Алматы (80 орын) және Ақтөбе (75 орын) облыстарында тек бір-бір жекеменшік ұйымнан ғана ашылған.

Қалған аймақтарда, соның ішінде Астана, Алматы және Шымкент сияқты ірі мегаполистерде жыл басынан бері жаңа балабақшалардың іске қосылуы тіркелмеген.

Нарықтағы бұл тенденция жеке бизнестің әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудағы негізгі драйверге айналғанын көрсетеді. Дегенмен, мемлекеттік жаңа нысандардың мүлдем ашылмауы – демографиялық жүктемені жеңілдету миссиясы толығымен жеке сектордың еншісіне өтіп бара жатқанын аңғартады. Бұл алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыс көлемі мен тарифтерді реттеу мәселесін өзекті ете түспек.

Айта кетейік, білім саласында ең төменгі жалақы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне, балабақша тәрбиешілеріне тиесілі болып отыр. Олардың орташа айлығы небәрі 211 015 теңгені құрайды

Сондай-ақ оқыңыз