Сауранбаев Қазақстаннан Нью-Йоркке, Токиоға рейс қашан ашылатынын айтты

Бүгін үкімет отырысында баяндама жасаған көлік министрі Нұрлан Сауранбаев АҚШ пен Жапонияға тікелей рейс қашан ашылатынын айтты.
«Токио бойынша осы жылдың төртінші тоқсанында, Нью-Йоркке келесі жылдың екінші тоқсанында рейстер ашамыз. Қазіргі кезде 34 халықаралық рейс Астанадан ұшып жатыр, жыл соңына дейін тағы бес бағытқа ашамыз», – деді министр.
Бұл тақырыпқа қатысты Air Astana әуекомпаниясының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел де баяндама жасады. Оның сөзінше, ресейлік маршрут арқылы тікелей ұшу мүмкін емес болғандықтан, басқа балама жолдарды қарап жатыр. Бірақ ол әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін.
«Алматыдан орындалатын рейстің құны мен одан түсетін табыс арасындағы алшақтық 15 млн долларға тең. Ал Астанадан жүретін транзитті дамыту үшін тағы 24 млн доллар керек», – деп атап өтті әуекомпанияның атқарушы директоры.
Топ-менеджер осы үшін ұзақ мерзімге мемлекеттік қаржыландыру керек екенін ескертіп, қажетті есепті Көлік министрлігіне өткізгенін айтты.
Бұған дейін Ибрахим Жанлыел Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе қатынасын орнатуға бірнеше фактор кедергі болып тұрғанын түсіндірген. Басты себебі ретінде Ресейге салынған санкцияларды атады. Ол елге қатысты шектеу болғандықтан Ресей маршрутын пайдалану мүмкін болмай тұр.