Жаңа топ-менеджер Шымкент әуежайы АҚШ-тан да асып түседі деп бағалады

Түркістан мен Шымкенттегі әуежайлардың жағдайы АҚШ-тағыдан кем емес. Үкімет отырысында баяндама жасаған «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел осындай пікірін айтты.
«Жеке тәжірибемді бөлісуге рұқсат етіңіздер. Түркістан мен Шымкенттегі әуежайларды аралаған кезде жолаушыларға қызмет көрсету сапасына риза болдым. Менің ойымша, екі әуежай да АҚШ-тағы сол көлемдегі әуежайлардың стандартына сай немесе одан да асып түседі», – деді ол.
Авиация әкімшілігіне келген жаңа басшысының сөзінше, қазір аймақтардағы әуежайлар тексеріліп жатыр. «Best Airport Service» жобасы аясында жолаушылардан сауалнама алып, мониторинг жүргізген. Әсіресе, ана мен бала бөлмесінің болуына назар аударады. Бұл шара бір әуежайда алты айға дейін созылуы мүмкін.
Былтыр осы әдіспен Ақтау, Қостанай, Ақтөбе мен Оралдағы әуежайлардың сапасы бақыланған, ал биыл Қарағанды, Семей мен Қызылордадағы аэропорттар тексеріледі.
Еске салайық, Майк Дэниел «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның бас атқарушы директоры лауазымына 4 мамырда тағайындалған еді. Ресми ақпаратқа сәйкес, жаңа басшы Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашумен айналысуы керек.
АҚШ-қа тікелей рейс ашу үшін рұқсат алу керек
Майк Дэниел АҚШ-қа тікелей рейс ашуға қажетті FAA CAT 1 статусын алу үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Бұған дейін 2024 жылы FAA техникалық бағалауы жүргізіліп, «Қазақстан авиациялық әкімшілігі» сол кезде айтылған кемшіліктерді жойып, ұсыныстарды орындаған.
«Енді осы жылы қайта бағалау жүргізу үшін FAA IASA командасын шақыруды жоспарлап отырмыз. Ол Қазақстан Республикасының заңнамалар, нормативтік реттеу және оларды жүзеге асыру кезінде халықаралық стандарттарды сақтаудағы саяси ерік-жігерін бағалайды. Қазіргі басты мақсат – 2026 жылдың қарашасында FAA CAT 1 статусын алу», – дейді Майк Дэниел.
FAA CAT 1 (Federal Aviation Administration Category 1) – АҚШ-тың Федералдық авиация әкімшілігі (FAA) бір елдің авиациялық билігіне беретін ең жоғары мәртебесі. Қарапайым тілде бұл статусты АҚШ-тың авиация саласында басқа елге берген сенім мандаты деуге болады. CAT 1 статусын алған ел әуекомпанияларының Америкаға тікелей рейс ашуға мүмкіндігі болады. Қазақстан бұл мәртебені алу үшін бірнеше жылдан бері дайындалып келеді.
Бүгін үкімет отырысында баяндама жасаған көлік министрі Нұрлан Сауранбаев АҚШ-қа тікелей рейс келесі жыл соңында ашылады дейді. Бірақ Air Astana әуекомпаниясының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел рейс қымбатқа түсуі мүмкін деп есептейді.