Қазақстандықтарды Таяу Шығыстан шығару үшін үкімет 4 млн доллар жұмсаған

Қазақстандықтарды Таяу Шығыстан шығару үшін үкімет 4 млн доллар жұмсаған. Бұл туралы бүгін көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты.
«Біз барлық азаматтарымызды алып шықтық. Бірінші кезеңде 4 мың адамдай болды. Кейін эвакуация басталған кезде 10 мың азаматқа жетті. Мемлекеттің бұл шараға жұмсаған орташа есебі – 4 млн доллар», – деді министр.
Ведомство басшысының түсіндіруінше, мемлекет әуекомпанияларына шығынның жартысын өтеп берген.
«Білесіз ғой, сол жақтағы (Таяу Шығыстағы – ред.) жолаушылардың жартысы қайтар бағытқа әуе компанияларынан билет алып қойған. Яғни компаниялардың қызметі жартылай төленген. Біз сақтандыру тәуекеліне қатысты белгілі бір бөлігін төледік. Одан бөлек Дубайдағы азаматтарды жағдай әлдеқайда тұрақты болған басқа елдерге алып шығуымыз керек болды. Осының бәріне шамамен 4 млн доллар кетті», – деп атап өтті Сауранбаев.
Наурызда АҚШ, Израиль – Иран арасындағы соғыс кезінде Қазақстан Таяу Шығыс елдеріндегі азаматтарын жаппай эвакуациялай бастады. СІМ мәліметінше, елге 10 мыңнан аса қазақстандық қайтарылған. Кейінірек журналистер осы мақсатта қанша қаражат жұмсалғанын сұраған. Бірақ көлік вице-министрі Талғат Ластаев әзірге қаражат есептеліп жатқанын айтып, жауап бермеген еді.