«Кендірлі» курорттық аймағындағы әуежай 2026 жылдың соңында ашылады

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
«Кендірлі» курорттық аймағындағы әуежай 2026 жылы ашылады
«Кендірлі» курорттық аймағындағы әуежай 2026 жылы ашылады/ фото: unsplash.com

«Кендірлі» курорттық аймағындағы жаңа әуежай 2026 жылдың IV тоқсанында пайдалануға беріледі. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді.

Әуежай Қарақия ауданында, Каспий теңізі жағалауынан 13 шақырым жерде бой көтеріп жатыр.

Жалпы аумағы 599 гектарды алып жатқан жоба аймақтың туристік әлеуетін кешенді дамытуға бағытталған. Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай Үкімет отырысында құрылыстың барысы мен аумақты электр қуатымен қамту жұмыстары туралы баяндады.

Әкімнің айтуынша, жобаның жалпы құны 56,9 млрд теңгені құрайды, қазіргі уақытта оның 19,9 млрд теңгесі игерілген. Құрылыс алаңында тәулік бойы 215 жұмысшы мен 122 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.

Бүгінде құрылыс жұмыстарының 32%-ы аяқталған. Бекітілген кестеге сәйкес, әуежайды биылдың IV тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.

«Бірінші кезеңде ұзындығы 2200 метр болатын ұшу-қону жолағы салынып жатыр. Ол Q-400, ATR және CRJ үлгісіндегі әуе кемелерін қабылдауға қауқарлы. Келесі кезеңде инфрақұрылым кеңейтіліп, Airbus A320 және Boeing 737 лайнерлерін қабылдауға мүмкіндік жасалады. Ішкі және сыртқы бағыттарды қоса алғанда, 9 жаңа авиабағыт ашу жоспарда бар», деді Нұрдәулет Қилыбай.

Өңір басшысының сөзіне сүйенсек, нысанды пайдалануға беру мерзімі өзгерген. Айта кетейік, бұған дейін Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев әуежай тек 2027 жылы жұмыс істей бастайды деген еді.

Айта кетейік, Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы жаңа әуежайлар жобасының құны 117,7 млрд теңгені құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз