Sen Sulu желідегі хейттен кейін Валя Карнавал түскен жарнамалық роликті алып тастады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: Sen Sulu инстаграм парақшасынан

Желідегі хейттен кейін Sen Sulu бренді ресейлік блогер Валя Карнавал түскен жарнамалық роликті алып тастады.

Брендтің негізін қалаушы Айнұр Кабелдинова бейнежазба жариялап, брендті тек Қазақстанда ғана емес шетелде де танытуды мақсат қылғанын айтты. Оның сөзінше, Валя Карнавалды танымал, аудиториясы кең инфлюенсер болғандықтан таңдап алған. Бірақ қазақ тұтынушыларының оған деген көзқарасын ескермеген.

«Басқа нарыққа шықса, өз тұтынушыларымызды ұмытып кетеміз деген сөз емес. Керісінше, бізді жақсы жағынан танығанын қалаймыз. Әртіс таңдағанда біз тек фактке назар аударамыз, бірақ енді біздің комьюнитидің пікірін, эмоциясын ескеру маңызды екенін түсінеміз», – деді Кабелдинова.

Еске салайық, косметика шығаратын отандық Sen Sulu бренді 15 мамырда жаңа кірпік бояуын таныстырды. Оның жарнамасына ресейлік блогер, әнші Валя Карнавалды шақырған.

Бірақ қазақ тұтынушылары оның ұлт араздығына қатысты дауға себепші болғанын еске алып, брендті сынның астына алды. Ресейде соғыс болып жатқанын, сол саясатты қолдайтын билікшіл әртіс екенін де еске алды. Бренд шығаратын косметика қолданушылары көңілі қалғанын айтып, енді Sen Sulu өнімдерінен бас тартатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз