Алматыда Горький саябағындағы 5 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
фото: Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматы әкімдігі Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағы аумағындағы жер телімдерін жалға беру мерзімін ұзартудан бас тартты.

Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұған «ТФК «Алтын-Тараз» ЖШС тарапынан саябақты көріктендіру мен инфрақұрылымды дамытуға қажетті инвестиция салынбауы түрткі болған.

Жалға алушы әкімдік шешіміне сот арқылы шағымдануға әрекеттенгенімен, сот талап арызды қанағаттандырмады.

Осылайша саябақ аумағындағы жалпы көлемі 5 гектардан тұратын 94 жер телімі мемлекет қарамағына өтеді.

«Жалға алу қатынастарын тоқтатуға саябақ аумағының ұзақ уақыт бойы тиісті деңгейде күтіп ұсталмауы негізгі себептердің бірі болды. Қазіргі таңда инфрақұрылым мен аттракциондардың едәуір бөлігі ескірген. Қаланың басты демалыс орындарының бірінің жағдайына қатысты тұрғындар тарапынан да көптеген сын-ескертулер айтылып келеді», – делінген ақпаратта.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, аумақты кешенді жаңғырту тұжырымдамасын әзірлеу жоспарланып отыр. Жоба аясында көгалдандыру, заманауи демалыс аймақтарын құру, сондай-ақ туристік және мәдени инфрақұрылымды дамыту көзделген.

Айта кететін жайт, қала әкімі Дархан Сатыбалды Алматыда 1600-ге жуық заңсыз дүңгіршек мен сауда павильоны заңсыз жұмыс істейтінін айтып, бұл нысандарын сүруге тапсырма берген еді.

Сондай-ақ оқыңыз