Қазақстанда Халық кеңесі құрылады: заң Президенттің қол қоюына жіберілді

Парламент екінші оқылымда «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңды қабылдап, Президенттің қол қоюына жіберілді.
Жаңа институт халық мүддесін білдіруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыруға қатысу тетіктерін дамытуға бағытталған.
Қазақстан Халық Кеңесінің мәртебесі айқындалды
Жаңа заңға сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына консультативтік орган пайда болады. Бұл институт мемлекеттік маңызы бар мәселелер бойынша келісілген ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейтін алаң ретінде жұмыс істейді.
Кеңестің ұйымдастырушылық құрылымы мыналарды қамтиды:
- сессия – негізгі шешімдер қабылдайтын жоғары орган;
- төралқа – сессиялар аралығында жұмыс істейтін тұрақты алқалы орган;
- комитеттер мен комиссиялар – жекелеген бағыттарды пысықтайтын жұмыс топтары;
- хатшылық – талдамалық және ұйымдастырушылық қолдау көрсететін мемлекеттік орган.
Қазақстан Халық Кеңесіне қандай өкілеттіктер беріледі
Жаңа органға бірқатар маңызды өкілеттіктер беріледі. Атап айтқанда, ол:
- ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейді;
- Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады;
- жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасын көтере алады;
- мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар Қазақстан Халық Кеңесіне Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін ұйымдастыру және өткізу міндеті жүктеледі.
Қоғам өкілдері кеңес құрамына енеді
Заңда қоғамның негізгі топтарының теңгерімді өкілдігі қарастырылған.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына:
- этномәдени бірлестіктер;
- қоғамдық ұйымдар;
- коммерциялық емес сектор;
- мәслихаттар;
- қоғамдық кеңестер өкілдері енеді.
Әр санаттан 42 адамнан болады. Олардың құқықтары, міндеттері және қойылатын талаптар заңмен жеке реттеледі.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрылымы қандай болады
Құжатта Қазақстан Халық Кеңесінің ұйымдастырушылық құрылымы да белгіленген.
Негізгі шешімдер қабылдайтын жоғары орган ретінде Сессия жұмыс істейді.
Сондай-ақ нақты бағыттар бойынша:
- тұрақты және уақытша комитеттер;
- салалық комиссиялар;
- жұмыс топтары құрылуы мүмкін.
Ал ұйымның талдамалық және ұйымдастырушылық жұмысын мемлекеттік орган ретінде құрылатын Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы қамтамасыз етеді.
Еске салсақ, осыған дейін депутат Ерлан Саиров Халық кеңесіне «ең беделді қазақстандықтар» кіретінін және олар еш жалақы алмайтынын айтқан еді.