Қазақстан теңіз маршрутын ашып, Иранға өсімдік майын жеткізе бастады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
теңізде жүк тиеген кеме
фото: shutterstock

Қазақстандағы майлы дақылдарды өңдеушілер Каспий арқылы Иранға тауар жеткізе бастады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айында елімізден теңіз көлігімен 1,3 миллион тонна жүк тасымалданған.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2% көп. Жүк айналымы да 9,3% өсіп, 675,5 миллион тонна-шақырымға жетті.

Әсіресе, отандық май өндірушілер теңіз маршрутын белсенді пайдаланып жатыр. 4 сәуірде Ақтау портынан Каспий теңізі арқылы Иранға 5 мың тонна рапс майы тиелген алғашқы кеме жолға шықты. Өткен аптада теңіз арқылы тағы бір партия өнім жөнелтілді.

Сала мамандары бұл тәжірибені жоғары бағалап отыр.

«Теңіз бағыты да, Иран нарығы да біз үшін өте келешегі зор. Каспий бойынша көршілеріміз жыл сайын шамамен 3,5 млн тонна өсімдік майы мен шрот (ред. – майлы дақылдардан май айырғаннан кейін қалатын өнім) импорттайды. Оның ішінде кем дегенде 1,5 млн тоннасы – дәл осы өсімдік майлары. Бізде Иранмен ынтымақтастықты арттыруға жақсы мүмкіндіктер бар: Каспий арқылы ортақ шекарамыз және ЕАЭО мен Иран арасындағы еркін сауда туралы келісім аясында қолданылатын жеңілдетілген кедендік режим көмектеседі», – деді Ұлттық майлы дақылдарды өңдеушілер қауымдастығының басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимов Inbussiness сайтына.

Дегенмен Ибрагимов бұл жеткізу көлемі әлі де аз деп есептейді. Соңғы үш жылда Қазақстанның май-тоңмай өнімдерінің Иранға экспорты 100 мың тоннадан асты, оның 94%-ы шротқа тиесілі. Алайда сала мамандары Ақтау арқылы жұмыс сәтті жүрсе, тасымал көлемін айтарлықтай арттыруға болады деген пікірде.

Қауымдастық бағалауынша, Қазақстан ай сайын 3-4 кеме жіберуге қауқарлы. Бұл жылына 150-200 мың тонна өсімдік майына тең. Жағдай жақсы болса, көрсеткіш жыл сайын 500 мың тоннадан астам май мен шротқа жетуі мүмкін.

Тағы оқыңыз: Қазақстан Иранға гуманитарлық көмек жіберді

Сондай-ақ оқыңыз