«Қазақи бренд әрдайым өзекті болуға тиіс»

Бүгін Астана қаласында Қазақстан әйелдерінің IX UMAI форумы өттті. Форумға елдің кәсіпкер әйелдері, сарапшылар, инфлюенсерлер қатысты. Ал жеке бренд өкілдері туындыларын көрмеге шығарды. Kursiv Media тілшісі отандық дизайнерлермен сөйлесіп, қазіргі этнобағыттың дамуы туралы сұрап көрді.
Этностильді дамытып жүрген жас дизайнерлермен қолөнер шеберлерінің қатары жылдан жылға артып келеді. Олардың бірі – жеке брендін дамытып жүрген модельер-конструктор Әмина.
«Бүгін Ұмай форумы аясында ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкеге қатыстым. Брендім «Бауырсақ» деп аталады. Өзім модельер-конструктормын. Соңғы бір жыл тігін саласындамын. Қолдан этностильдегі бұйымдарды тігіп жүрмін. Оның ішінде сөмке, тақияның түр-түрі және жейделер бар. Сонымен қатар аксессуарларды киімге беттестірумен де айналысамын. Бүгінгі форум маған өнімдерімді көпшіліктің алдына ұсынуға мүмкіндік берді», – деді ол.

Ал дизайнер Балнұр Кенжебекованың айтуынша, этностиль, әсіресе орта буындағы адамдардың арасында өте танымал. Әрі жасөспірімдердің сұранысы да кем түспейді.
«Қазақи бренд әрдайым өзекті болуға тиіс. Бізге жастар мен ересектерден көп тапсырыс түседі. Бұл адамдардың ұлттық брендке деген көзқарасының артқанын көрсетеді», – деді ол.
Оқи отырыңыз: Сіз іздеген шапан: Сапалы әрі қолжетімді қазақша киімді қайдан табуға болады
Форумның тағы бір қатысушысы жеке кәсіпкер – Айгерім Болатова. Ол 20 жасында жол апатына ұшырап, алған жарақатынан кейін жүре алмай қалған. Сол бір қиын сәтте өзін тығырықтан алып шығудың жолын іздеп, үйде отырып тоқымамен айналыса бастаған. Бүгінде бір бөлмеде бастаған шағын кәсібі жеке өндірістік цехқа айналды.

«Шыны керек, форумға дайындық кезінде не туралы айтарымды білмедім. Бизнес бастаудың жолдары айтайын ба, әлде оны алға жылжыту туралы айтайын ба деп ойландым. Бірақ мұндай тақырыптар онсыз да көп болатынын түсініп, өз өмірім туралы айтып беруді жөн көрдім. Жол апатынан кейін бірнеше жыл өткен соң, үйде отырып «қалай табыс тапсам екен?» деп ойлана бастадым. Сөйтіп, бізбен тоқуды үйрендім.
Алғашқы киімдерді өзіме арнап тоқыған едім, бірақ кейін оны құрбыларым көріп, сатуымды өтінді. Дәл сонда мен «бұдан табыс табуға болады екен ғой» деп түсіндім. Сонымен, үйден тоқи бастадым. Алдымен қолмен, кейін бірінші тоқу машинасын, сосын екіншісін, үшіншісін сатып алдым. Оларды үйде қоятын жер қалмаған кезде, біз цех сатып алып, оны аштық және жаңа деңгейге шықтық десем болады», – деп өз оқиғасымен бөлісті Әйгерім.
Отандық дизайнерлердің басын қосқан «UMAI» қоры 2022 жылы пайда болды. Үш жарым жыл ішінде қоғамдастық жобаларынан бес мыңға жуық әйел өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Валя Карнавалды жарнамаға шақырғаны үшін отандық бренд хейттің астында қалғанын жазған едік.