Алматыда қай жерде құрбан шалуға болады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Алматыда қай жерде құрбан шалуға болады / фото: shutterstock

Биыл мұсылман үмбетінің ұлық мерекесі – Құрбан айт 27, 28 және 29 мамыр күндеріне сәйкес келеді. Мереке қарсаңында Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг өтіп, дайындық барысы мен бекітілген талаптар жарияланды. Қалада қоғамдық тәртіпті, санитарлық және ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кешенді жұмыстар атқарылады.

Құрбан шалу орындары

27 мамыр күні сағат 06:00-де Алматының барлық 56 мешітінде айт намазы оқылады. Қаланың бас имамы Төлеби Оспанның мәліметінше, биыл қала бойынша мал сатуға және құрбан шалуға арналған 12 арнаулы алаң белгіленді. Рұқсат етілген орындар қаланың 5 ауданында орналасқан:

  • Алатау ауданы: «Мырзахмет», «Алғабас», «Әл-Әзим», «Нұр» мешіттері;
  • Бостандық ауданы: «Бақыткелді» мешіті;
  • Медеу ауданы: «Омар ибн әл-Хаттаб», «Аманқұл ата», «Фатима», «Райымбек батыр», «Арафат» мешіттері;
  • Наурызбай ауданы: «Қалқаман-2» мешіті;
  • Түрксіб ауданы: «Қайрат» мешіті.

Бұл алаңдарда мешіт қызметкерлері кезекшілік етіп, рәсімдердің шариғат талаптарына сай өткізілуін қадағалайды. Дін істері басқармасы басшысының орынбасары Әлімбек Айдарбекұлының болжамы бойынша, биылғы мерекелік шараларға 100 мыңға жуық адам қатысады.

Құрбан шалудың шариғаттағы әдебі мен тәртібі

Бас имам Төлеби Оспан құрбандық шалудың жөн-жосығы мен ережелерін еске салды. Құрбандыққа қой мен ешкі (кемінде 1 жаста), сиыр (2 жаста) және түйе (5 жаста) шалынады. Қой немесе ешкі бір адамның атынан, ал сиыр мен түйе бірлескен 7 адамның атынан шалына береді.

Малдың көзінше пышақ қайрауға болмайды, пышақ өте өткір болуы тиіс. Мал толық жан тапсырмай тұрып оның басын кесуге немесе терісін сыпыруға тыйым салынады. Дәстүр бойынша ет 3 бөлікке бөлінеді: бірі – отбасына, екіншісі – туыс-көршілерге, үшіншісі – мұқтаж жандарға.

Төлеби Оспан құрбандықтың тек қан шығару арқылы ғана қабылданатынын айтты. Оның орнына ақшалай қаражат бере салу құрбандыққа жатпайды, ол тек садақа болып есептеледі.

Онлайн құрбандық шалу және қайырымдылық

Қала тұрғындары мен қашықтан ниет білдірушілер үшін qurban.muftyat.kz электронды платформасы іске қосылды. Бұл сайт арқылы қашықтан тапсырыс беріп, құрбандық шалынғаннан кейін фото/видео есеп алуға болады. Сонымен қатар, аталған портал арқылы мұқтаж отбасылардан ет алуға өтініштер қабылданады.

Қаланың барлық 56 мешітінде ет қабылдау және тарату пункттері жұмыс істейді. Етті бұзылмайтын етіп сақтау үшін арнайы мұздатқыш камералар мен көліктер дайындалған. Мереке аясында мешіт аулаларында киіз үйлер тігіліп, спорттық шаралар мен қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады.

Санитарлық бақылау күшейтіледі

Тұрғын үйлердің ауласында, көшелерде немесе рұқсат етілмеген орындарда мал союға қатаң тыйым салынады. Қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гауhар Қаткенова талаптардың бұзылуы жұқпалы аурулардың (бруцеллез, сібір жарасы, эхинококкоз т.б.) таралуына әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.

«Құрбандыққа шалынатын малды тек қауіпсіз шаруашылықтардан, тиісті ветеринарлық құжаттарымен ғана сатып алу қажет. Арнайы алаңдарда санитарлық мамандар кезекшілікте болады», – деді Қаткенова.

Бекітілген талапқа сай, мал сою орындары сумен, дезинфекциялау құралдарымен, қалдыққа арналған контейнерлермен және тоңазытқыштармен жабдықталуы тиіс, ал қасапшылар арнайы киіммен (қолғап, маска, алжапқыш) жұмыс істеуі шарт.

Еске сала кетейік, бұған дейін Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы кәсіпкерлерді Құрбан айтта мал бағасын көтермеуге шақырған еді.

Сондай-ақ оқыңыз