1 шілдеден бастап Ресейге тек арнайы QR-код арқылы кіруге болады

Ресей Федерациясына баруды жоспарлап отырған қазақстандықтар үшін шекарадан өту тәртібі өзгерді. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, осы жылы 1 шілдеден бастап көрші елге жұмыс істеуге немесе білім алу мақсатында баратын қазақстандықтар үшін «Госуслуги РФ» мобильді қосымшасын пайдалану міндетті болады. Жаңа талапқа сай, шетел азаматтары аталған платформада жеке профиль ашып, сапарға шықпас бұрын арнайы тіркеуден өтуі тиіс.
«Белгіленген тәртіпке сәйкес шетел азаматтары аталған қосымшада жеке профиль құрып, Ресей Федерациясына кіру туралы өтінішті мемлекеттік шекараны кесіп өтуден кемінде 72 сағат бұрын тапсыруы керек. Өтініш қаралғаннан кейін қосымшада кіру құқығын растайтын жеке QR код қалыптастырылады. Аталған QR код өтініш берілген сәттен бастап тоқсан күн бойы жарамды болады», – деді Ерлан Жетібаев.
Осыған байланысты ведомство азаматтардан сапарларын алдын ала жоспарлап, техникалық талаптарды мұқият орындауды сұрайды.
Оқи отырыңыз: Ресей «Байтақ» партиясының төрағасын елге кіргізбеді
Ресей шетеліктердерді кіруге тыйым салып жатқанда қазақ үкіметі шетел азаматы үшін елге кіру, азаматтық алу тәртібін жеңілдетті. Енді шетелдік мамандар рұқсат құжаттарын алмай-ақ еркін жұмысқа орналаса алады.